24-26 сәуір аралығында Алматы қаласының Атакент сауда-көрме орталығында Mercedes-Benz сән апталығы өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Шараның басты мақсаты – отандық дизайнерлердің жұмыстарын елге танытып, халықаралық деңгейге жеткізу, оларды бағалауға мүмкіндік беру.
Бұл апталықта Mechanical Piano, Aigul’ Kassymova, Leonid Zherebtsov, BĀXIER, YANALUNU, Tolegen, Andrea (Италия), Dinara Nurlan, PENTATONICA, Aka Nanita, Аnna K, Masterpeace, Rolly Polly, OTTЕПЕЛЬ, De Guise, INK, Khan Kuchum, Argentum сынды брендтер өз топтамаларын ел назарына ұсынды.
Жас дизайнерлердің қиялынан туған ерекше киім үлгілері әртүрлі бағаға ие болды. Бірі жылы қабылданып, қонақтардың көңілінен шықса, енді бірі оң баға ала алмады.
Қаламыздың сәнқой тұрғындары сән көрмесіне барынша "тақырыпқа сай" киініп келуге тырысты. Ерекше, көзге түсетін стильді жақсы көретін аруларымыз сән апталығына көрік берді.
Қазақстандық сән индустриясына қолдау білдіруге еліміздің жас жұлдыздары да келді. Барлық қонақ көрсетілімге риза болғанын айтып, тарасты.
Апталықта таныстырылған топтамалардың ең ерекше әрі сәндісі – The Rolly Polly мен Оттепель брендтерінің туындылары болды.
"The Rolly Polly" топтамасы:
Бұл суреттен біз екі түрлі үлгіні көріп тұрмыз. Бірі – жылы кофта мен биылғы трендтегі қысқа шалбар болса, екіншісі – жемпір-көйлек пен ұзын гетрлер. Бірінші үлгіде ашық қызғылт түс сұр түспен үйлесім тауып, тамаша жұп құраса, екінші үлгі толықтай дерлік сұр түстегі үлгі болып шықты. Сәнқой арулар биылғы трендтен бері ұнатып, киіп жүрген ұзын гетрлер қыста да сәнде болмақ.
Ер жігіттердің ең сүйікті түстерінің бірі – қара көк. Модельер бұл үлгідегі көктің үш түрлі реңкін пайдаланғанын байқаймыз. Түзу, қысқалау шалбар мен оксфорд тектес былғарыдан жасалған аяқ киім бостау тұратын кофтамен жақсы үйлесім тапты. Бұл модельдің қолындағы ойыншық – The Rolly Polly брендінің өзіне тән элементі.
2015 жылдың жазғы сәніне айналған "көйлек-жейде" қысқы трендке де енді. Оны қара не сұр түсті ұзын гетрмен, жылы бас киіммен үйлестіруге болады.
Классикалық ақ жейдені ерекшелейтін жең – дизайнерлердің тағы бір тосынсыйы. Сәнқой жігіттер осындай айрықша жейдені классикалық, қарапайым шалбар мен оксфорд аяқ киімімен үйлестіріп кие алады.
Суреттегі оверсайз көйлегі бұл сәнбикенің үстінде өте әдемі көрінетіні сөзсіз. Алайда, негізінде тек бойшаң, мойыны ұзын қыздарға көбірек жарасатынын ұмытпаған жөн. Бұл киім аласа бойлы аруларымыздың бойын одан сайын қысқа етіп көрсетуі мүмкін.
"Оттепель" топтамасы:
Жағасы бар қалың жемпірдің сыртынан мынадай жеңі қысқа кофтаны киіп, оның үстіне беліне тағы бір кофтаны байлап, үйден шығатын адам кемде-кем шығар. Дизайнерлердің қиялына шектеу қойылмағандықтан, еліміздің бас подиумдарының бірінен осындай ерекше үлгілер де көрінді.
Оверсайз жакетіне брендтің өзіне тән принттерді салынғанын көріп тұрмыз. Сондай-ақ көйлекті жартылай ашық етіп, ақ шалбарды көзге түсетіндей етіп жасаған. Бұл да күнделікті киюге жарай қоймайтын сән үлгілерінің бірі.
Ғарыш принті – Оттепель брендінің басты элементтерінің бірі болғандықтан, топтамадан біз осы тектес принтті киімдерді бірнеше рет көрдік. Шалбардың сыртынан шортыны киіп, ғарыш принттегі свитшотты спорттық үлгідегі аяқ киіммен үйлестіру – биылғы жылдың басты трендтерінің бірі.
Қысқа свитшот пен шашақты миди белдемше бойшаң аруларға жарасары сөзсіз. Бұл стильді свитшот пен белдемшемен қатар, сәнді спорттық аяқ киімі аяқтайды.
Спорттық стильді жастардың талғамына сай етіп жасаған бұл топтама көптеген сәнқойдың көңілінен шықты.
Топтамамен толығырақ танысу үшін төмендегі видеоға назар салыңыз:
Еліміздегі масштабы кең сән жобаларының бірі – Mercedes-Benz Fashion Week сән апталығында таныстырылатын жас, кәсіби мамандардың жұмыстары маусым сайын шыңдалу үстінде.
Сурет: ©Massaget.kz