27 маусым күні Беверли-Хиллздағы Родео-драйв көшесінде Louis Vuitton брендінің Louis Vuitton X аталатын көрмесі ашылды.
Онда соңғы 160 жылда ұсынылған мұрағаттық бұйымдарды тамашалауға болады. Олардың қатарында Карл Лагерфельд, Рэй Кавакубо, Синди Шерман, Яёи Кусама мен Заха Хадид сынды өз саласының нағыз мамандарымен бірлесе жасаған коллаборациялар, дизайнерлік заттар, сандықшалар, әтір құтылары бар.
Экспозицияға жалпы саны 180 бұйым қойылып, олар түрлі тақырыптарға байланысты 9 залға орналастырылды.
Естеріңізге сала кетейік, аталған брендтің негізін қалаушы Луи Виттон сандық жасаудың шебері болған.
14 жасында арманына қол жеткізу үшін туған қаласы Франш-Контеден Парижге дейінгі 400 шақырым жерді жаяу жүріп барған. Сол жерде шебердің көмекшісі болып қызметін бастап, кейіннен өз кәсібін ашады.
1895 жылы Луидің ұлы Жорж Виттон компанияның атақты логосын ойлап табады. Бұған себепкер болған – сол кездегі жалған көшірмелердің шамадан тыс көбейіп, компанияның құлдырауға шақ қалуы. Өз кәсібін патенттеп алғаннан кейін көшірушілер саны айтарлықтай азайған. Бірақ қазірдің өзінде Louis Vuitton жалған көшірмесі көп брендтер қатарына жатады.
Луи Виттонға тиесілі өнертабыстың бірі – шабадан-кереует. Шабадан ішіне орнатылған жиналмалы төсекті бельгиялық саяхатшы-зерттеуші Пьер-Поль-Франсуа-Камиль Саворньян де Бразза үшін арнайы ойлап тапқан.
2014 жылы Louis Vuitton атақты балерина Диана Вишнева үшін арнайы Male Ballerina атты шабадан жасап шығарған. Бұл шабадан бишінің қымбат реквизиттерін салуға арналған, онымен 5-6 балет белдемшесі, 16-18 биге арналған аяқ киім мен әшекей бұйымдарды тасымалдауға болады.
LV монограммасы пайда болғалы сөмкелер мен шабадандарда ғана емес, көзілдіріктерде, көліктерде, үй жиһаздарында, сүлгілерде, тіпті, скейтбордтарда да басылып шықты.
Louis Vuitton-ның ең қымбат өнімі – Steiff Teddy Bear жұмсақ қонжығы. Ол 2,1 миллион АҚШ доллар тұруының себебі ойыншықтың табиғи жүні алтын жіптермен араласқан, ал көзі гауһар мен жақұт тастан, пальтосының түймелеріндегі LV монограммасы да алтыннан жасалған.
2007 жылы компания ең қымбат Tribute Patchwork Bag сөмкесін шығарды. Бұл сөмке брендтің әр түрлі сөмкелерінің қималарынан тұрады. Бар-жоғы 24 данамен шыққан сөмкенің құны – 45 000 АҚШ доллары. Tribute Patchwork Bag-тің ең алғашқы сатып алушыларының бірі Бейонсе болған.