24 қазан күні Алматыда қазақстандық Сән аптасы басталды. Бұл шара барысында өз туындыларын еліміздің танымал дизайнерлерімен қатар, өнер жолын енді бастаған дизайнерлер де көпшілікке таныстырды.
Сондай-ақ Сән аптасы көрсетілімдеріне Франция мен Грузияның дизайнерлері де қатысты. KWF-тің бірініші күнінде Atelier Artisan, MakoMosi, Keti Chkhikvadze, Aigul’ Kassymova, Avtandil, Ulugbek Saliev, Fashion House Alima мен Georges Mac for Diamonds & Rock брендтері подиумға шықты.
ATELIER ARTISAN
Atelier Artisan бренді Алексей Чжен мен Саят Досыбаев дизайнерлерінің өнерін қосты. Екеуі ер киімдерінің топтамасын көпшіліктің назарына ұсынды. Топтама көктем-жаз маусымына арналғандықтан, киімдер көктемше жарқын түсті, ашық болды. Неон түсті костюм-шалбар, шорты, тіпті ерлерге арналған белдемшелер мен шұлықтар да болды. Көрсетілімге Қазақстандағы Men's Health журналының бас редакторы Андрей Мануйлов, әртіс Дәуіт Шайхисламов, Yan Ray, Роман Александров, Сәкен Жақсыбаев қатысты. Әйел коллекциясы ерлердікіне қарағанда ұстамды болды. Ақ қара түстер, кең силуэттер, металлик түстес кешкі көйлектер, жарқын түсті бірнеше көйлектер де болды.
MAKOMOSI
Жас дизайнер Малика Накан АҚШ-тағы Academy of Art-та оқып, Мариос Шваб есімді танымал лондондық модельерден тәжірибе алған. Ол өзінің тұңғыш коллекциясын осы KFW-та көпшілікке көрсетті. Топтамасының тақырыбы - байырғы замандағы шығыс мәдениеті. Қара, қола, қоңыр түсті органза, шифон, жібек, атлас маталары қолданылған.
KETI CHKHIKVADZE (ГРУЗИЯ)
Грузиялық дизайнер Кети Чкхиквадзетің әлемдік сән сахнасына шыққалы көп уақыт өткен жоқ. Ол жақында париждік TRANOI көрсетіліміне шығып, Еуропа мен араб елдерінен тапсырыстарды көптеп алды. Кетидің айтуынша, ол ыңғайлы, әмбебап және сәнді киім тігеді. Оның көктем-жаз топтамасын классикалық және нәзік десе болады. Бұл жолы дизайнер өзінің сүйікті қара түсін қолданбай, ақ, алтын, металл түстерін таңдаған екен.
AIGUL’ KASSYMOVA (ҚАЗАҚСТАН)
Қазақстандық модельер пастель түсті жеңіл көйлектерден тұратын топтаманы ұсынды.