KFW көктем-жаз 2014: 2-күн

Массагет сайты сәнге құмар қыздарды басты сән мерекесі Алматыда өтіп жатқан Қазақстан сән апталығының жаңалықтарымен таныстыруды жалғастырады.

2014 жылдың көктем-жаз топтамаларын ұсынған Kazakhstan Fashion Week шарасының екінші күнінде подиумға Aigul’ Kassymova, Malique, LaRiya, Di Entre Si, Aya Bapani, Yerlan Zholdasbek, шақырылған қонақтар Tiiu Roosma – Bon Bon Lingerie бренді (Эстония) және Akananita (Грузия) қатысты.

Дизайнер Айгүл Қасымова кеш қонақтарына нәзік, ашық түсті топтаманы ұсынды. Киімдер нағыз көктем, жазға сай пастель түстері, қызыл, көгілдір, қызғылт, көк түстерде орындалған, топтама күнделікті киюге сай келетін, дизайнердің өзіне тән стилінде шықты.

Подиумға келсі болып KFW төріне алғаш келген Малика Юсупова шықты. Malique брендінің киімдерін подиумға танымал тележүргізуші әрі әнші Аша Матай және танымал жас әнші Әнел Аринова киіп шықты. Топтама түрлі түстерде орындалған, ал маталар арасында шифон, жібек, лавсан, деним, креп шифон және табиғи былғары көрінді.

Эстониялық  қонақтар Bon Bon Lingerie бренді KFW подиумында ішкі киім топтамасын көрсетті. Қазақстандық сән апталығында ішкі киім топтамалары жиі шыға бермегендіктен, бұл көпшіліктің назарын аудартты. Топтама түрлі әдемі ішкі киім мен үйде немесе спортпен айналысуға киюге болатын киімнен тұрды. Бұл брендтің бұйымдары Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларында, Ұлыбритания, Германия, Швеция, Финляндия мен БАӘ елдерінде сатылады.

Akananita бренді де Қазақстан сән апталығының төріне алғаш рет шығып отыр. Бұл сән үйі ретро бейнелер ұсынды. Түрлі винтажды көйлектер, шілтір мен қарапайым силуэттер орын алды. Сән белгісінің дизайнері Ака Нанитаның айтуынша топтама бұған дейін Украина елінің сән апталығында өзін көрерменге таныстырып келген. 


Қазақстандық танымал дизайнер Лария Джакамбаева түгелімен қара түсте орындалған "қанішер" стиліндегі топтаманы ұсынды. Шыққан модельдердің бетіндегі макияжы да қанішер стилінде жасалды. Дизайнердің батыл шешімі көрермендердің көңілінен шықты.

 

Di Entre Si бренді  Kazakhstan Fashion Week сән апталығындағы кезекті дебютант болды. Жарқын Баймаханов пен Динара Сиитованың ортақ сән үйі нәзік топтаманы ұсынды. Ақ, қара, сұр түстерде орындалған топтама мақта, вискоза, тоқымадан тігіліп шілтірмен өрнектелді.

Ая Бапани кеш қонақтарын өзінің жаңа топтамасымен таң қалдырды. Оның дәстүрлі ою өрнектермен әшекейленген ұлттық нақыштағы көйлектері жартылай мөлдір маталардан тігілді. Топтамада ашық түстер көп болды, қызыл түсі басты әрлеуіш түс болды. Топтама қонақтардың көңілінен шықты.

   

KFW апталығының екінші күнін Ерлан Жолдасбектың топтамасымен аяқталды. Оның қанық, жарқын түстерге боялған топтамасы сапалы маталар мен ерекше әрлену жолдарымен ерекшеленді. Жасыл, қызыл, қара, ақ түстері көбірек байқалды. 

Сән апталығының үшінші күнінде Salta, Tamara Lamanukaeva, Leonid Zherebtsov, Kamila Kurbani, Ё9, Nur-Shan, Kamenska Kononova (Украина), Gizi (Грузия) өз топтамаларын көрсететін болады.

Дайындаған және суретке түсірген: Сания Аринова