Қазір Instagram желісі – стильді сурет түсіре алатындар үшін өз шығармашылығымен бөлісуге болатын таптырмас платформа. Бүгін әлеуметтік желіде белсенді, парақшасы эстетика мен нәзіктікке толы қолданушылар топтамасын ұсынамыз.
Копенгаген қаласы – сәнді бикештердің арманы. Сол жерде дүниеге келген Мария Крагманн – ұсақ-түйік нәрсені сапалы, бағалы дүние ретінде көрсетудің хас шебері. Ол өз жұмысында детальдарға мән береді.
Эмма Роуз Ванкуверде дүниеге келген. Оның парақшасындағы суреттерде жаздың кеші, табиғат әсем сипатталады. Одан бөлек, парақшасында жиі өзінің сүйікті мысығының қылықты видеоларын жариялайды.
Чинда Фрафтың парақшасы әлемдік сән брендтернің жеке парақшасы іспетті. Бұл жерде түрлі аксесуарды үйлесімді қолдану, киімдердің түстерін байланыстыру секілді сәнді кеңестермен танысуға болады. Бойжеткен өзінің түр-әлпетін ешқашан көрсеткен емес. Есесіне оны бақылайтындар саны көп.
Ағылшын моделі Хлои Ллойдтың парақшасынан сәнді образдарды ғана емес, бет әрлеу бойынша түрлі видео сабақтарды таба аласыз. Одан бөлек, оның екінші парақшасы сәулет өнеріне, үйдің ішкі дизайнына арналған.
Сәнмен бірге француз бикештері қатар жүретіні белгілі. Элис Виольер өзінің аксесуарлар мен сөмкелер брендін қалыптастырған және оны жарнамалауда ерекше бағытты ұстанады. Ол кез келген түстерді өзара байланыстыра алады. Оның парақшасы алуан түсті және бірден көзге түседі.