Алғашқы қадамын чемодан мен сөмке өндіруден бастаған Gucci компаниясы көп ұзамай сағат шығарады. Gucci сағаттары - талғам мен сапаның үйлесімі. Оның пайда болу тарихы беріректе жатыр. Сән әлемінің көшбасшысы сағат туралы тек 1997 жылы «Severin Montes» компания акциясының бір бөлігін сатып алған соң ғана ойлана бастайды. Gucci маркасының сағаттары стильді дизайнымен қатар іскерлікті көрсетеді. Олар өз иесі туралы да көп хабар береді.
Gucci сағаттарын кез келген адам сатып ала алмайтындықтан, ол адамның дәрежесінен хабар беріп тұрады. Және бір өнімі бірнеше жыл бойы сәнде болады.
Әйелдер мен ерлерге арналған Gucci сағаттар желісі тот баспайтын болаттан жасалып, сырты алтынмен немесе платинамен көмкеріледі. Ал әйнегі сапфир жақұт кристаллдан, хрустальдан құралады. Бауы каучуктан, жоғары сапалы былғарыдан, негізінен болаттан жасалады. Сағат механизмдері: кварц, механика-автомат, механика. Gucci сән үйі жыл сайын шамамен 200 түрлі сағат өндіреді.
Брендтің ең алғашқы сағаттары тіктөртбұрышты болатын және циферблатында сандар көрсетілмейтін. Көпшілікті осынысымен қызықтырса керек.
Былғары бауы бар дөңгелек корпустысы және алтын мен бриллиантпен көмкерілген түрі кейінірек пайда болды. Олардың индустрия саласында жақсы таралуы сыртқы пішінін өте әсерлі етіп өңдеуімен байланысты болса керек. Ерлерге арналған сағаттардың ең үздігі ретінде «Pantheon Collection» топтамасын атауға болады. Қара былғары бауында Gucci брендінің кішкене ғана туы бар, әйнегі жақұттан, циферблатында сандар бар және түнде жарық болып тұратын қасиетке ие.
Мұнымен қатар көп бойжеткеннің талғамынан шығатын сағаттары да болған. Көпшіліктің талғамынан шығып жүргені ретінде білезік секілдісін атауға болады. Ол сағат бетін көмкеріп тұратын led технологиясымен ерекшеленетін. Осы қақпағының арқасында сағат лезде білезікке айналып, қажет кезде уақытты көрсетеді. Gucci брендінің кез келген өнімі тек талғамы жоғары жандарға ғана арналған.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: fashiony.ry