- Негізгі бет
- Сән
- Fashion сөздік: киім...
Fashion сөздік: киім дүкендерінің түрлері
Қазірде заманауи fashion сөздері көбейіп кетті. Бутик пен showroom дүкенінің айырмашылығы қандай және мультибрендтік дүкендерде қандай киім алуға болады? Осы және басқа сұрақтарға жауап іздеп, өзіміздің fashion сөздігімізді толықтырайық.
Showroom
Ағылшын тілінен аударғанда showroom көрсетілім өтетін жерді білдіреді (show – көрсету, room – бөлме). Аты айтып тұрғандай, showroom түріндегі дүкенде киім, косметика, аяқ-киім топтамаларының көрсетілімдері өтеді. Арнайы шақырылған модельдер киген киім үлгілерін қарап, өзіңізге ұнайтынын таңдай аласыз. Showroom үлкен жоғары сән үйлерінде, танымал дизайнерлердің брендті дүкендерінде болады.
Бутик
Бутик (французша boutique – кішігірім дүкен) – бір түрлі стильдегі киімді жинастыратын дүкен. Мұндай түрлі дүкеннің сатып алушылары да белгілі бір топты құрайды. Мысалға премиум-класс киімі, әшекей бұйымдар, жастарға арналған киім бутиктері. Әдетте бутиктегі әр киімнің бір данасы ғана болады.
Монобрендті дүкен
Монобрендті дүкендер тек белгілі бір брендтің киімін ғана сатады, өзінің айрықша бағыты мен белгілері болады. Мысалға бір маркалы киім, аяқ-киім, не бір стильдегі не бағыттағы киімдер.
Мультибрендті дүкен
Мультибренд дүкенінде керісінше, бірнеше бренд тауарлары бірге сатылады. Мұндай жерде түрлі бейнелерді жасауға мүмкіндігіңіз болады: бірден бірнеше сән үйлерінің киімін таба аласыз.
Сток дүкені
Сток (stock) немесе аутлет (оutlet) – өткен маусым топтамаларының киімдері сатылатын ассортименті бай үлкен дүкен. Бұл киімдер басқа дүкендерден жиналып, бір орында сатылады. Айта кетсек, бұндай дүкендерде киімді үлкен жеңілдікпен ала аласыз.
Second hand дүкені
Second hand – біреумен сатылып алынған бірақ әлі де киюге жарайтын киімдердің сатылым орны. Бұндай жерде бір рет те киілмеген жаңа, кезінде қымбат болған киім түрлерімен қатар өңі кеткен масс-маркет киімін де табуға болады. Киімдерді салмағын өлшеп сатады, сондықтан олар бастапқы бағаларынан әлдеқайда арзан болады.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: hushhush.kz
С. А