Соңғы кездері сән әлеміндегі ең маңызды шара, яғни, жылдың ыстық мезгіліне арналған круиздік топтамалар көрсетілімі болып жатқаны белгілі. Осы шара шеңберіндегі негізгі сән үйлері ұсынған топтамалардың бірегейіне тоқталып өткен болатынбыз.
Әдеттегідей әлемді аузына қаратқан бұл оқиғаға барша сәнқұмар қауым жиылып, танымал және енді бой көрсетіп келе жатқан дизайнерлердің топтамаларын тамашалады. Олардың қатарында сән тарихында атауы жалпы есімге айналып үлгерген, өзіндік ерекше италиялық бояуға қанық Dolce & Gabbana сән сарайы да 2017 жылға арналған көктемгі және жазғы киім үлгілерін ұсынып үлгерді.
Жалпы, Dolce & Gabbana дуэті өмірде де, сән әлемінде де, барокко мен ретро фильмдерге деген ерекше махаббат негізінде қалыптасты. Олар өз топтамаларын ұсынған кезде көпшілік қауым үнемі таңдай қағып тамсанады не мүлде қабылдамайды немесе серпіліс жағдайында болады. Әйтеуір, бей-жай қалмайды. Доменико Дольче мен Стефано Габбаноның туындыларына қатысты сәнсүйер қауымнан міндетті түрде эмоционалды жауап болады.
Сән сарайының сұлтандары әрқашан контрастты киім үлгілерін ойлап табады, мысалы, бір жағынан бойына күш-қуат жиған аса белсенді энергетикаға ие топтама болса, енді бірі, керісінше, сыртқы әлемнің тынымсыз тірлігінен алыстататып, жаныңа керемет тыныштық ұялатып, әдемі әсер қалдырады.
Осы жолы Dolce& Gabbana сән үйі жаңа "Tropico Italiano" топтамасын ұсынды. Оның жарнамасын айрықша италиялық атмосфераға тұнық Сорренто қаласының көшелерінде түсірді. Фотосессия сюжеті бойынша Нима Бенати, Биатрис Браско және Бабетта Стрийбос есімді сәнқой бикештер қыдырып келген туристердей Сорренто сұлулығына тамсана серуендеп жүреді. Фотограф ретінде Ним Бенати шақырылған.
Соррентодай нағыз италиялық арал әлеміне еніп, оның бақытты өмірінің ырғағына үйренген адамдар мінезін дәріптейтін стилистика – Dolce & Gabbana сән үйіне ғана тән ерекшелік.
Әсіресе, олардың соңғы топтамалары Жерорта теңізі жағасындағы елді-мекендердің өзгеше өмір тынысына тұнып тұр. Fashion-өндірісте осы сән үйінің киімдеріне адал, тек Дольче мен Габбананың әйелдерді көре білу стиліне еніп кеткен сәнқой бикештерді La Siciliana деп атайды. Итальян тілінен аударғанда “Сицилиялық әйел” деген мағына беретін
Дольче мен габбаналық стильдегі киім үлгісі әйелге деген ерекше пәлсапалық көзқарас секілді... Керемет кутюрьелер пікіріне сай, сицилиялық әйел – нағыз италиялықтардай қылықты әрі мінезді келеді. Мұндай мінез ерекшеліктері Dolce & Gabbana киім үлгілерінде көркем мата түрлері мен нәзік шілтерлер арқылы жеткізіледі. Қара түс – бұл Dolce & Gabbana дуэтінің визиттік картасы. Dolce & Gabbana стилінде киінетін бикештер өзінің сұлу екенін біледі және сол сенімділікті киім үлгісі арқылы барша әлемге жария етеді. Ол әрқашан басын биік ұстап, әйелге тән сүйкімділігімен, келісті келбетімен, кербез жүріс-тұрысымен тәнті етеді.
D&G сән сарайының жаңа "Tropico Italiano" топтамасы сіздің көңіліңізден шықты ма?