Bang bang, he shot me down
Bang bang, I hit the ground
Bang bang, that awful sound
Bang bang, my baby shot me down
Жабайы Батыс, ковбойлардың құрбылары мен родео...
Бұл мәдениет әлдеқашан романтикаға толы аңызға айналып үлгерген.
Кинематография, кескіндеме, музыка және басқа да өнер салалары оған қайта-қайта оралады. Батыс мәдениетінен шабыт алушылар қатарынан аты аңызға айналған Dior сән үйінің жаңа дизайнері Мария Грация Кьюри де табылды. Оның аталған компания үшін жасаған алғашқы круизді топтамасы да тұтастай осы стилистикадан тұрады.
Кезекті көрсетілім Калифорния штатының оңтүстік-батысындағы Калабасас қаласында өтті. Киімдерді көрмес бұрын, локацияның өзі нағыз дәстүрлі америкалық атмосфераға енгізіп жібереді. Арнайы алаңда қонақтар үшін шатырлар тігіліп, жерге шөп төселген. Аспанды алқызыл түске бояп батқанның күннің фонында көрсетілген жаңа топтама көрерменді вестерндік романтикамен баурап алды.
Дизайнер Жабайы Батыс мәдениетіне тән барша кереметті бір топтамаға жиған секілді көрінеді. Сән бикештері құдды родео десе ішкен асын жерге қоятын ковбойлардың құрбыларындай. Үстеріне киген ұзын бохо-көйлектер мен қыпша белін ораған былғары белдіктер, джинс шалбарлар мен жеңіл жейделер, прериялардың кешкі суығынан құтқаратын тоқыма пончолар мен атқа мінуге арналған комбинезондар, бәрі-бәрі өздеріне үйлесіп-ақ тұр. Осының барлығы атақты Dior сән үйінің өзіндік ерекше ноталарымен әрленген. Мысалы, "Бар" аталатын классикалық Диор жакеті ұзын белдемшелермен ұтымды үйлестірілген.
Кьюри ханымның америкалық жергілікті тұрғындардың дәстүрлі киім үлгісі мен богемалық сән-салтанатынан жасаған фьюжн топтамасы көпшілік көңілінен шыққаны анық.
Сіз не дейсіз? Сізге Жабайы Батыс мәдениеті қаншалықты ұнайды?