Дезерт – күнделікті киюге арналған былғары немесе резеңке табанды, бауға арналған төрт тесігі бар, ұзындығы тобыққа жететін күдері бәтеңке.
Дезерт аяқ киімдерін ағылшын солдаттары Египетте Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде киген еді. Бұл бәтеңкелерді алғаш Египет елінің тұрғындары өздері тігіп, базарларында сатқан екен. Британдықтарға бұл аяқ киім өте ұнаған еді, әрі оларды шөлді жерде киюге лайықты деп санады. Осы себепті «desert» атауы да берілді.
Натан Кларк (Clarks фирмасының негізін салушыларының бірі) осы бәтеңкелердің дизайніне қызығып, 1950 жылы Чикагода өткен аяқ киім көрмесінде Clarks фирмасының атынан бауға арналған төрт тесігі бар классикалық үлгі түріндегі дезерт аяқ киімін таныстырды. Көп ұзамай дезерт бәтеңкелері Америка, Англия, Италия және Францияға дейін де жетті.
1970-80 жылдары дезерт бәтеңкелері сатылымнан түсіп, ұмытыла бастады. Алайда 90-жылдары Еуропада Clarks дезерттерінің сатылымы күрт көтеріліп кетті.
«Дезерт» пен «чукка» бәтеңкелерінің айырмашылығы.
Қазіргі күнде дезерт "casual" аяқ киімдерінің классикалық үлгісі ретінде қабылданады. Көп жағдайда дезерттерді чукка бәтеңкелерімен шатастырады.
Расында да сырттай екеуі ұқсас көрінеді. Алайда сарапшылар дезерт деп – бауға арналған төрт тесігі бар күдері бәтеңкелерді атайды да, чуккаға қалған үлгілерді жатқызады. Сонымен қатар дезерттен ұзындау келген үлгілерді чукка деп атайды.
Ендігі мәселе, дезерт бәтеңкелерін қандай киіммен кию керек?
Бұл аяқ киімді джинсы шалбармен, кез келген жеңіл жейдемен, поло, көйлек және жемпірлермен кие беруге болады. Сонымен қатар пенжак (пиджак), тренч, былғары күртемен және қысқа пальтомен де үйлеседі.
Бұл аяқ киімді күтіп кию қажет. Арнайы күдеріні күтіп-баптауға арналған құрал-жабдықтар сатып алуыңызға кеңес береміз.
Егер дезерт аяқ киіміне қатысты сұрақтарыңыз болса, жауап беруге әзірміз. Бұл бәтеңкелер қазіргі таңда сәнде екенін ұмытпаңыздар, жігіттер!
Дайындаған: Фариза Әбілова
Сурет: vk.com