Кеше 72-Канн кинофестивалінің ашылуы болды. Ол – киноиндустриядағы ең басты оқиғалардың бірі. Киномарафон 11 күнге созылады. Ал оның ашылуында барлық зейін келген жұлдызды қонақтар мен олардың киім үлгісінде болады. Ендеше, конгресс сарайына алғашқы болып келген жұлдыздардың киім үлгісін ұсынамыз.
Каролин де Мегрэ
Қызыл кілемде жанкүйерлер мен әділқазылар алқасымен сәлемдескен алғашқы жұлдыздың бірі француз моделі және фотограф Каролин де Мегрэ болды. Бұл шараға Каролин алтын жолақтары бар Chanel топтамасының қара көйлегін киді.
Ева Лонгория
Актриса Ева Лонгория Alberta Ferretti-дің көйлегін киді. Атластан тігілген алқызыл көйлек Еваны тартымды ете түсті. Оның көйлегі қосымша әшекейді қажет етпегендіктен, ол гауһар тастары бар ақ алтыннан жасалған сырға ғана таққан.
Селена Гомес
Бұл Селена Гоместің Канн кинофестиваліне бірінші рет шығуы. Селена бұл уақытқа дейін ауыр депрессиямен күресіп, әлеуметтік желілерден үзіліс алған болатын. Бұл шараға сол күресінен кейін алғаш рет ресми түрде көрініп тұр. Франциядағы ең атақты қызыл кілемге келуінің себебі – Селенаның Джима Джармуштің "Өлгендер қайта өлмейді" атты жаңа картинасына түсуі. Селенаны көптен күткен жанкүйерлері оның киім үлгісінің мінсіз таңдалғанын айтуда. Селена қызыл кілемге Louis Vuitton-ның еденге дейін түсіп тұратын ұзын көйлегін киіп, жылтыр Bvlgari гауһартасын таққан.
Джулианна Мур
Джулианна Мур қызыл кілемге қанық жасыл түсті Dior көйлегін таңдаған. Жасыл түсті көйлек оның қызғылт сары (рыжий) шашымен керемет үйлесім тауып тұр. Ол киім үлгісін зүбәржаты бар көлемді сырғамен және гауһартастары бар жіңішке әрі нәзік алқамен толықтырған.
Алессандра Амбросио
72-ші Канн фестивалінің ашылуына келген ең жарқын жұлдыздардың бірі Алессандро Амбросио болды. 38-жасар модель және бұрынғы Victoria’s Secret "періштесі" қызыл кілемге Ralph & Russo брендінің үлпілдек көйлегімен келді. Түйеқұс мамығы жабыстырылған ақ көйлек жұлдызға керемет жарасып.
Тильда Суинтон
Тильда Суинтон – Канн фестиваліне жиі келетін қонақтың бірі. Ол жыл сайын барлық деталі ойластырылған өзінің минимализм стиліндегі киімдерімен таңқалдырады. Биыл да Тильда өз стилін сақтаған: ол әдетте ерін далабынан басқа декоротивті құралдар қолданбайды және шашын артқа қайырып жатқызады. Ал ол биылғы Канн фестивалінің қызыл кілеміне металл детальдар мен пайеткалар себілген сұрғылт көйлек таңдаған.
Эль Фаннинг
Биыл 21 жастағы актриса кинофестивальге әділқазылар алқасының ең жас мүшесі ретінде келді. Эль басқа қазылармен бірге бағдарламаға ұсынылған картиналарды бағалайтын болады. Эль салтанатты кешке Gucci көйлегін таңдады. Көйлектегі кейп жас актрисаға салтанаттылық сыйласа, шабдалы түс пен гүл оның нәзіктігін айқындай түскен.
Изабель Гулар
Канн кинофестивалінің салтанатты кешіне тек кино әлемінің жұлдыздары емес, сонымен қатар атақты модельдер де келді. Қызыл кілемнен 34-жасар бразилиялық Изабель Гулар да көрінді. Ол алхоры түстес дене пішінін айқындайтын Etro көйлегін таңдаған.
Гун Ли
Фотографтардың объективіне қытай актрисасы Гун Ли түсті. Ол кристалдармен безендірілген шілтерлі ақ көйлек таңдаған. Көйлектің ұзын шлейфі мен көлемді әшекейлер оған богемалық кейіп сыйлап тұр.