Қыста әрі жылы әрі сәнді көріну жолдарын ұсынғалы отырмыз. Бұл аутфиттер жұмыс 5 күнінде 5 түрлі комбинацияда трендтен қалмай киінуге мүмкіндік береді.
Стилист Ардақ Әлімбетова:"Көпқабаттылық қазір сәнде. Бірақ оның тарихы тереңде жатыр. Алғашында ол Солтүстік адамдарының қыста жылу сақтау үшін жасаған амалы болса, қазір тренд. Соңғы екі-үш жылда болған қабат-қабат киіну мәнері Balenciaga-мен байланысты. Себебі бірнеше киімді сыйғызу мүмкіндігін тек оверсайз береді. Бірақ көпқабаттылықты ұстанарда фактураға мән беру керек. Бір ғана трикотаж киімдерден сауатты аутфит шықпайды. Мысалы, жұқа жейде, сыртына трикотаж жемпір, оның үстіне оверсайз тренч. Бұл бірінші қағида десек, екінші қағида – түстерге қатысты. Фактурадан тәжірибе жасай беруге болады, ал түске келгенде сақ болу керек. Бұл жерде монохром ұтымды көрінеді. Яғни, бір түстің бірнеше реңктері. Мысалы, екі акцентті түспен эксперинмент жасап көріңіз: ақ лонгслив, көк жейде, қара жилет, қара пиджак және ашық қоңыр тренч. Бұл жерде көк пен қоңырға баса назар аударылады. Ал ақ пен қара ахромат түстер, яғни түстің жоқтығы"-дейді.
КОСТЮМ + АШЫҚ ТҮС ЖЕЙДЕ + ВОДОЛАЗКА
Бұл комбинация жұмыстың дресс-кодын жандандырып қана қоймайды. Ашық түсті жейді көңіліңізді көтереді. Сирень түс, көгілдір, жасыл, күлгін немесе сары адамды қуаттандыратын реңктерге жатады. Мұндай түсті түсті киімді қорықпастан киюге болады, өйткені бейтарап реңдегі костюм баланс сақтауға көмектеседі. Негіз саналатын сұр, беж, қара немесе ақ классикалық костюмдерге мән беріңіз.
МОЙНЫ БАР СВИТЕР + ДЖИНС КҮРТЕ + ПЛАЩ
Жасөспірім шағымызда сәнді болғымыз келгенде суыққа қарамастан жемпірдің сыртына джинс киіп кете беруге де дайын едік. Себебі 2-3 жылдан бері киіп келе жатқан қысқы қара күртеңнен әбден жалығатынсың. Celine топтамасында біздің бала кезіміздегідей, қысқа джинсы күртенің астынан шығып тұратын ұзын жемпір көрсетілді. Дәл осы ұзындықтағы сәйкессіздік кескінді қызықты етеді. Сізге сәл көлемді пальто таңдауға кеңес береміз: астына бірнеше қабат киім оңай сиятындай.
ТОҚЫМА ЖИЛЕТ+ ЖЕЙДЕ
Жилет свитер сияқты жылы, тек сәнқойлар үшін ол образдарға әлдеқайда икемді. Жилет көмегімен сіз нағыз сәнді көпқабатты лук жасай аласыз.
БОМБЕР + ЖАКЕТ + КӨЙЛЕК НЕ ШАЛБАР
Әрине, классикалық бомбер деним және әскери мәнердегі етікпен жараса кетеді. Бірақ Stella McCartney топтамасынан бомбер күртесінің қарама-қарсы стильдегі дүниелермен тамаша тандем құратынын көресіз.
Бізге салсаңыз, бұл комбинацияны абсурдтық деңгейге дейін жеткізе берсеңіз болады дер едік. Себебі ол гиперсәнді көрінеді.
ПИДЖАК +СОЛ РЕҢДЕГІ ҚАЛЫҢ ЖЕЙДЕ + ТРИКОТАЖ ТОП
Монохром – күзгі-қысқы топтамалардың басты тренді. Бұл сурет бір түсті, бірақ әртүрлі текстурадағы киімдерді біріктіргендіктен көзге жағымды көрінеді. Мысалы Totême-ді басшылыққа алсақ: мұнда костюм матасы (пиджак) пен сәл жұқа материал (жейде) және трикотаж (майка) бар. Бұл образдың астына белдемше не сұр джинс шалбар таңдасаңыз да қателеспейсіз.