- Негізгі бет
- Сән
- 2022 жылдың сәнді...
2022 жылдың сәнді жакетін немен үйлестіреміз?
Дүкен сөрелерінен ұзындығы белге дейін тұратын қысқа жакеттер пайда бола бастағанын байқаған боларсыз. Бұл сәнді жакетті қандай киімдермен үйлестіруге болатынын қарастырайық.
Стилистер мен дизайнерлер бір ауыздан қысқартылған жакетті киюді ұсынады. Бұрын да бұл киім сән топтамаларынан көрініп жүрді, алайда биыл ол трендке айналып отыр.
Ұзын әрі ауыр пиджактан шаршағандар үшін дизайнерлер оның жеңіл қысқа түрін ұсынып отыр. Белге дейінгі ұзындықтағы үлгі — жаңа сәнді хит.
TikTok блогерлері ескі пиджактан қалай жаңа қысқартылған жакет жасауға болатынын көрсетіп жатса, Instagram сәнқойлары онымен қандай киім үлгілері шығатынын ұсынуда.
Стандартты пиджактағы секілді қысқартылған жакетте де оның материалы мен пішімі маңызды рөл ойнайды. Пішінін жақсы сақтау үшін және қыртыстанбас үшін оның матасы қатты болуы керек. Оның денеде кеңдеу тұрғаны жақсы, тіпті, бір-екі өлшемге үлкен түрін киіп көруге болады.
Қысқа пиджакты гардеробқа енгізудің ең қарапайым әдісі — оны джинс шалбармен «достастыру». Егер аяқты ұзартып көрсеткіңіз келсе, мұндай пиджакты белі жоғары тұратын және балағы кең әрі ұзын джинс шалбармен киіңіз. Сол кезде визуалды түрде ұзын әрі сымбатты көрінесіз.
Қысқа пиджак классикалық шалбармен де жақсы үйлеседі, сондықтан оны жұмысқа кие аласыз.
Қысқартылған пиджак былғары шалбармен ерекше көрінеді. Түрлі фактуралардың үйлесімі киім үлгісін қызықты етеді.
Көктемгі киім үлгісінің бірі — қысқартылған пиджак пен қысқа белдемше. Алайда бұл жағдайда қонышы ұзын етік киген абзал.
Қысқартылған пиджакты спорттық стильдегі киімдермен киюге де болады. Мысалы, оны леггинсы немесе велосипедкамен үйлестіріңіз.
А. Жапатова