2015. Күз-қыс маусымының басты трендтері #2

Өткен материалымызда сіздерді күздің готика, үрленген, металл, былғары, ұзын пальто сынды трендтерімен таныстырған едік. Жаңа маусымның басты трендтері бұнымен тоқтап қалмайды.  2015 жылдың күз-қыс топтамасын жалғастырамыз.

Трикотаж көйлек

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары сәнқой арулар трикотаж көйлекті қысқа етіп, ашық түрде кигенді ұнатқан. Алайда биыл дизайнерлер бізге бұл көйлектің жабықтау, байсалды түрін ұсынады. Жұмсақ трикотаждан тігілген әдемі көйлекті тек кеңсеге емес, кешкі кездесуге де киіп баруға болады. Бар болғаны образды дұрыс таңдап, сәнді аксессуарларды үйлестіре білу керек.

Бушлат пальтосы

Байырғыда ағылшынның корольдік теңіз флотының киіміне тән болған бушлат қазір жаңа маусымның бас трендіне айналды. Оның салмақты түрін Michael Kors пен Chloe ұсынса, Nina Ricci мен Isabel Marant сән үйлері жұмсақтау түрлерін тікті.

Бүрмеленген белдемше

Өткен жылғы бүрмеленген белдемшенің ұзындығы макси болса, биылғы күзде оны әртүрлі ұзындықта киюге болады. Қысқа, миди, макси, еденге жететін ұзындықтағы бүрмеленген белдемше кез келген аруға жарасымды.

Винил

Лакталған былғары, винил, латекс материалдары биыл сәнде. Бұл күзде жылтыр пальто, плащ не күрте әр гардеробта болар сөзсіз. Расында да әдемі емес пе?

Барқыт

Барқыт не велюрдан тігілген киімді әр адам кие қоймасы анық. Өткен ғасырда сәнде болған барқыт бұл ғасырда неліктен сонша «қауіпті»? Себебі бұл мата кез келгенге жараса бермейді. Сол себепті күздің тренді деп ала салудан бұрын, киіп қарап, жарасымдылығына мән бергеніңіз жөн.

Перфорация

Бірнеше жерден тесілген киім кез келген адамның «құпиясын» ашып тұрғандай болады. Сол себепті мұндай үлгідегі киімдерді батыл қыздарымыз ғана ұнатып, алады.

Моншақ

Биылғы күз-қыс топтамасында пайеткамен безендірілген киім көп. Сондықтан қызыл, көк, сары (алтын) түстегі пайеткамен тігілген ұзын көйлекті алып қоюды ұмытпаңыз.

Тізеден төмен келетін қызыл көйлек

Көздің жауын алатын қызыл көйлек бүгін топтамамызды аяқтайды. Міндетті түрде тізені жауып тұратын қызыл көйлек биыл Dior, Chloe, Chanel, Versace және т.б. сән үйлерінің топтамаларына кірді. Мұндай көйлекті киген ару тартымды, сұлу әрі сәнді болып көрінері сөзсіз.