2015. Күз-қыс маусымдарының басты трендтері

Күзде қандай киім сәнде болады? Аяқ киімнің қай түрі трендке кірді? Бұл сұрақтарға жауап табу үшін 2015 жылғы күз-қыс топтамасына бірге шолу жасайық.

Биылғы жаз маусымының трендтері ерекше болғаны сөзсіз. Төгіліп тұрған маталар, көк реңкті көйлектер, биік өкшелі сүйретпелер, ұзын белдемшелер әрбір аруды сәнді етіп көрсетуде. Жаз маусымының бел ортасына келіп қалғандықтан, биылғы күз-қыс тенденцияларын анықтап алуды жөн көрдік.

Готика

Ауыр бәтеңке, бұдырлы күртелер мен былғары киімнің де уақыты келді. Готика стилін ұнататын жандар биылғы күзді қуана-қуана қарсы алары анық.

Қара түсті жеңіл белдемше, денемен дене болып тұратын кофта мен бұдырлы сөмке нағыз заманауи готика стилін айқындап тұр.

Жоғарыда атап өткендей ауыр бәтеңкелер биыл қайтадан сәнде. Сол себепті жаңбырлы күзде таптырмас аксессуар болатын, табанынан су өтпейтін қара түсті бәтеңке сатып алыңыз.

Ұзын пальто

Биыл пальтоның етегі еденге дейін ұзарды. 2015 жылғы пальтоның иығы төмен қарай түсіңкіреп, белі босап, оверсайз стилін қайта жаңғыртты.

Жиһаз принті

Гүл, вензель принттері биыл тек жиһаз емес, киім матасының бетіне де түседі. Бұл ерекше әрлеу кез келген киімді сәнді етуде. 

Көлемді пальто

2015 жылы ішік ұзын, көлемді болуы керек. Леопард принті, ашық түстер, бұйра тон өткен жылы орынсыз, талғамсыз, бір сөзбен айтқанда моветон болса, биылғы күз-қыс топтамасында басты орынды жаулап алып отыр.

Пэчворк

Мұндай стильдегі киімді дизайнерлер ұсынбағалы қай заман. Дегенмен көптеген сәнқойлар үшін бұл стиль үнемі трендте болған. Күнде киюге болатын үлгілерін халық қуана қабылдаса, басқа түрлері тек подиумда қалғаны жөн деп саналды.

80-жылдар сәні

80-жылдардың тренді өткен ғасырдың ең ерекше, ақылға қонымсыз үлгілерінің бірі еді. Қанық сары, жасыл және алқызыл түстер, ірілеу иық пен белсенді декорды өзара қалай үйлестіруге болатынын биылғы күзде білетін боламыз.

Металл 

Бұл сән элементі әдетте ауыр, рок-н-ролл стилін еске түсіреді. Алайда биыл дизайнерлер металлды нәзіктеу, жеңіл әрі "байсалды" етіп ұсынуға барын салды.

"Үрленген киім"

Мамықтан жасалған күртелерді аруларымыз сәнді емес деп санайды. Ал биыл бұл күртелер әдеттегіден көлемдірек етіп ұсынылды. Бұл тренд көптеген ата-ананы қуантары сөзсіз. Себебі "үрленген" мамықты күртелер сәнді болумен қатар өте жылы.

Жалғасы бар...