- Негізгі бет
- Сән
- 2014. Шаш өру...
2014. Шаш өру сәнге айналды
Қазақ қызының басты сұлулығы – бұрымында. Оның ерекше қасиеті де жоқ емес. Ежелден келе жатқан салт-дәстүрімізге сай қыз бала шашын өріп, шолпы немесе шашбау тағатын болған. Осы қос бұрым көздің жауын алып, таңдай қақтыртқан. Нәзік болмысын айшықтауға көмектескен. Мұнымен қатар шаш өру – халқымызда ежелден келе жатқан өнер түрі.
Ал енді шашқа тағылатын бұйымдарға келсек, шолпы дегеніміз – бұрымға тағатын әшекей. Көбінесе үш бұрышты немесе сопақша етіп күмістен жасалған. Артынша ортасына асыл тас орнатылған. Үлкен тұмаршасының етегіне бұрыммен қосып өрілетін бірнеше салпыншақ тағылатын болған. Оның көзді, қозалы, қоңыраулы, шынжырлы, қос үзбелі, маржанды, меруертті, ақықты деп аталатын түрлері бар. Кейбіреуінің салмағы 3 келіге дейін жетеді.
Ал шашбау - шаштың ажарын аша түсетін, өрілген бұрымға бекітілу үшін тағылатын, алтын мен күмістен жасалған бұйым. Шашбауларды үзбелі және шашақты деп екі топқа жіктейміз. Кейде матадан да жасалатын болған.
Кешегі басына құндыз бөркін киіп, шолпысын сылдырлатқан бойжеткендеріміздің саны азайғалы қашан. Бірақ «Қыранның тегеурінін қисаң, қарға болады, тиынның көркі – құйрығында, оны кессең, көр тышқан бейнесіне енеді, бидайдың басын алсаң, сабан болады, арулар, бұрымды қисаң, жаман болады» деген аталы сөзге тоқтап, шаш өсіріп жүрген қарындастарымыз да бар. Заманауи сәнгерлер ұзын шашқа түрлі шаш өрімін жасауға болатынын айтады. Мұнымен қатар ұзын шаш сәнге айналғанына бірнеше жыл болды. 2014 жыл да осы тенденцияны қабылдады.
Шаштың көмегімен беттің ұсқынсыз жерін жасырып, бас пішінін өзгеше етіп көрсетуге болатындығы ешкімге де құпия емес. Ең бастысы ұзын шаш – барлық қыз атаулысына жарасады. 2014 жылы қандай шаш үлгілері сәнге айналатындығын талдап көрейік.
Ұшы түзетілген шашта ерекше фантазия бар деп айту қиын болса да, оның өзі ерекше сұлулық сыйлайды. Уақыт өте келе айырымын (пробор) өзгертіп, кекіл қиып көріңіз. Мұнымен қатар ұзын шашты өріп жүру сәнде екенін ұмытпаңыз.
Танымалдылыққа ие болған шаш үлгісінің бірі – каскад. ХХ ғасырдың екінші жартысында пайда болған бұл үлгі бүгіндері классикаға айналған. Оны көбінесе орта жастағы әйелдер қауымы таңдайды. Бір қарағанда шаштан жасалған баспалдаққа ұқсайды.
Каскадты ұзын шаштарға да ыңғайлауға болады. Бірақ, каскад үлгісін бір қалыпта ұстау үшін күнделікті фен мен көлем беруші тарақты пайдалануыңызға тура келеді. Феннің зиянын ескеріп, шаш кеспес бұрын маманнан осы туралы кеңес сұрап алыңыз. Егер басыңыздың сопақ болып көрінгенін қаласаңыз, каскадқа кекіл қосыңыз.
Ал сіз қандай шаш үлгісін таңдайсыз?
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: вк желісінен
Қ. Бүйенбай