2013. Көктем мен жаздың ең сәнді киімдері

Құрметті арулар, біз бүгін 2013 жылдың көктем мезгілінің соңы мен жазына арналған ең үздік киімдерді ұсынамыз. Ендеше, қабыл алыңыздар!

Жыртық джинсы шалбар


Алғашқы жыртық джинсылар 80 жылдары жарық көре бастаған еді. Содан бері сәннен түспей келе жатқан жартық джинсыларды осы көктем мезгілі мен жазда да киіп жүруіңізге әбден болады.

Жыртық джинсыларды сатып алуға да, бүтін шалбарды жыртып киіп алуға да болады.

Сәнді жыртық джинсыларды немен кию керек?

-         Ең алдымен джинсы кез келген ортаға сай болуы керек.

-         Жыртық джинсы қысқа қара жакетпен керемет үйлеседі.

-         Жакеттің ішінен кез келген түстегі жеңсіз кеудеше киюге болады.

-          Аяққа былғары аяқ киім немесе металды түймелері бар аяқ киім киген жөн.

-          Тіпті былғарыдан жасалған сүйретпе де киюге болады.

-          Мойныңызға кішкентай орамал салып алсаңыз да болады.

-          Көкшіл джинсыге басқа түсті белдік тағып алыңыз.

Сәнді орамал


Биыл аруларымыз шашына сәнді кішкентай орамал тағуды сәнге айналдыруда. Орамал әрі шаш жинау үшін, әрі сәндік үшін қызмет атқарады. Орамалдың түрлі-түсті болғаны жөн. Ұзын шашты ару болсаңыз, орамалды орап-орап, жиек ретінде байлап алыңыз. Ал егер шашыңыз аса ұзын болмаса, орамалды бүктеп тағыңыз. Оны шаш жинайтын резеңкенің орнына да пайдалансаңыз болады.

Ақ түсті жеңсіз көйлектер


Ақ түс ешқашан да сәннен артта қалған емес. Өзіңіздің тал шыбықтай бұралған бітіміңізге ақ түсті жеңсіз көйлектер әсте жарасады. Ал аяғыңызға кез келген түстегі аяқ киім киюге болады. Айтпақшы, әшекей тағуды ұмытпаңыз!

Ұзын белдемшелер


Ашық түсті ұзын белдемшенің саудасы қызып тұрған бұл күндері оның әлі де дәурені жүретініне шүбә келтіре алмаймыз. Ұзын белдемшемен жазда жеңіл аяқ киім киюге тырысқан жөн. Кеудешеңіз де белдемшемен үйлеспей қалмасын. Онсыз да ұзын белдемшемен ұзын кеудеше кимей-ақ қойыңыз. Кигеннің өзінде кеудешенің етегін белдемшенің ішіне салып алыңыз. Әрине, егер жарасса!

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер: wildberries.ru