- Негізгі бет
- Сән
- 2013 жылдың ең...
2013 жылдың ең сәнді жұлдыздары
Әлем бойынша сән туралы ең белді делінетін Women's Wear Daily атты америкалық журнал 2013 жылдың ең сәнді жұлдыздарын атады. Оның ішіне үш-ақ ару кірді.
Women's Wear Daily онлайн-басылымы редакторларының ойынша, 2013 жылы тек 3 танымал сұлу әлем бойынша нағыз трендтерді бастап, жаңа заттардың сәнге кіруіне себепкер болған. Жоқ, бұл Виктория Бекхэм не Ким Кардашьян емес, бұл жылы ең сәнді үштіктің ішіне актрисалар Дженнифер Лоуренс пен Керри Вашингтон және әнші Майли Сайрус кірді.
Өтіп бара жатқан 2013 жыл 23 жасар актриса Дженнифер Лоуренс үшін ерекше сәтті жыл болды. Ол «Оскар» сыйлығына қол жеткізді, Dior сән үйінің моделі атанды, түрлі сәнді журналдардың бетінен түспей, қызыл жолдан ерекше көйлектермен жиі көрінді. Ол кешкі салтанатты көйлектерді де, ашық батыл киімдерді де бірдей әдемілікпен киіп шыға білді.
Керри Вашингтон осы жылдың басында көп күтіліп, үлкен танымалдыққа ие болған "Азат етілген Джанго" фильміндегі сұлу қыздың рөлін сомдаған. Саяси белсенді азамат ретінде танылған Керри түрлі саяси тақырыптар жайындағы фильм мен телехикаяларға жиі түседі. Актрисаны осыған дейін атақты People журналы ең сәнді ару деп таныған болатын. Мамандардың ойынша, Керридің қызыл жол мен түрлі отырыстарда нәзік, жұмсақ көйлектерде көрінуі нәзіктікті сәнге қайта алып келуіне көмектесті.
Үшінші болып тізімге осы жылы атышулы әнші Майли Сайрус кірді. 2013 жылы осы әншіні әңгіме етпеген адам қалмаған болар, бұған оның өнері, қылықтары және әрине киімдері өз септігін тигізді. Америкалық Time журналы Майли Сайрустың киімдерін бірден ең үздік және ең нашар тізімдердің қатарына қосты. Осы жылы әндерінің бағытын да, киімінің стилін де өзгертіп, эпатажды жағынан таныла бастаған әншінің сән талғамы әлемдік трендтерге әсер еткені рас.
Ал сіз бұл тізімді қолдайсыз ба?
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: spletnik.ru, wmj.ru
С. А