Париж қыз-келіншектеріне сонау 1800 жылдан бері қоғамдық жерлерде шалбар киюге тыйым салынған еді. Жақында әйелдер құқықтары жөніндегі Министр Наджат Валло-Белькасем (суретте) 200 жыл бойы салтанат құрған осы заңның жойылуына қол жеткізді.
Бұған дейін әйелдер "еркектер стилінде" киіну үшін қала әкімшілігінен арнайы рұқсат қағазын алатын. Бұндай рұқсат болмағанда әйелдер қамауға алынатын. 1892 мен 1909 жылдағы өзгертулер бойынша, велосипед не ат мінген әйелдерге шалбар киюге рұқсат берілді.
31 қаңтардағы ресми мәлімдемесінде Министр ханым: "Бұл заң Конституцияда жазылған еркек пен әйел теңдігі қағидаттарына қарама-қайшы келеді", - деді.
Айта кетсек, бұл заманына сай емес заңды белсенді кісілер бірнеше рет жойғысы келген. Алайда шенеуніктер Францияда бұл мәселеден де маңызды сұрақтар бар деп оны кейінге қалдыра берген. Заңнама француз дәстүріне айналып, "тарихи заңға" айналған еді.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: thetimes.co.uk