1 курс студентіне: Киім алу мен үнемдеу

Өзге қала, ауылдан келген болсаңыз, үнемдеп үйренуіңіз керек. Бұл жайлы біз өткен материалымызда да айтып өткен едік. Стипендия бұйырған студенттер де, ата-анасының ай сайын жіберетін ақшасына өмір сүретін студенттер де үнемдеуге дағдылануы керек.

Студент қыздардың үнемі әдемі, сәнді болып жүргісі келетіні анық. Ол үшін шамамен триместр (3 ай) сайын гардеробты жаңарту керек. Ал бұл үлкен шығын болады. Сондықтан, ақшаны шүберекке жүйесіз жұмсауға болмайды. Мұндай жағдайда не істеу керек?

Сән эксперттерінің сөзіне алданбаңыз. Олардың айтуынша: "Әр қыз бала өзінің сұлулығы үшін ақша аямауы керек". Алайда бұл студент қыздарға сәйкес келмейтін ұстаным.

Жылына киім алуға екі-ақ рет барып, тоғыз ай бойы сәнді ару болып жүре аласыз. Себебі, "киімім ескірді, жұрт менде киім жоқ деп ойлайды" деген ой сіздің санаңыздан шығады. Ол өз алдына сізді өзіне сенімсіз етіп көрсетеді. Ал мұны адамдар бейсаналы тұрғыда сезе алады. 

Үнемі сәнді, стильді болып жүру үшін базалық гардероб құру керек. Оған не кіреді?

- қара не қоңыр жакет;
- сәл бостау тұратын, ашық түсті емес джинс шалбары;
- ақ, ақшыл, сары блуза;
- бойфренд жейдесі;
- классикалық шалбар;
- жайлы балетка;
- өкшелі аяқ киім;
- макси және миди белдемшелері;
- ұзындығы тізеге дейін келетін қара не көк түсті футляр көйлегі;
- ақшыл түсті нәзік кардиган;
- ақ, қара, ақшыл түсті топ;
- былғарыдан тігілген көлемді сөмке;
- былғарыдан тігілген кроссбоди сөмкесі;
- былғары күрте;
- қынама бел плащ;
- жылы пальто не күрте;
- былғары етік;
- тоқылған жемпір. 

Міне, осы киімдер сізге бір жылға жеткілікті болады. 

Таза мақтадан жасалғанын алған жөн. 100 пайыз мақтадан тігілген киім әрі созылмайды, әрі ұзаққа дейін шыдайды. Етік, аяқ киім, сөмке алатын кезде таза былғарыдан жасалған үлгілерін таңдаңыз. 

Кардиганды кез келген киіммен киіп, стиліңізді түрлендіре аласыз. Сол сияқты топ пен блуза орнын ауыстырып, жакет киюіңізге болады.