Құрметті "балмұздақ"! Кеше ғана қоңырау үні сыңғырлап, соңғы рет мектеп формасын киіп, көк лентаны таққан едіңіз. Енді, міне, бірер күннен соң жаңа өмірге аяқ басасыз. Әрбір талапкер үшін қыркүйектің бірінші аптасы ең маңызды кезең. Алғашқы күндерде студент не киіп баруы керек?
Аяулы ару, не киюді талқыламас бұрын алдымен тәжірибеден өткен мына кеңестерді ұсынамыз.
1. Жаздың ыстығы күздің басында да сезілетіндіктен, алып қойған жакет, пенжак (пиджак), джинс жакеттерін қыркүйектің кейінгі апталарына қалдырғаныңыз жөн.
2. Кез келген арудың бірінші күні-ақ бүкіл кампустың көзіне түскісі келетіні анық. Сондықтан, көбі алғашқы күндері сәнденіп, биік өкшелі туфли, қысқа шорты не белдемше киіп келеді. Күннің соңында адам шаршап, «мына аяқ киімді қайдан кидім?» деумен болатыны сөзсіз. Себебі, "балмұздақтың" алғашқы аптасы әр пәннің дәрісханасын іздеумен өтеді. Сондықтан, биік өкшелі аяқ киімді су жаңа қалпында шкафта сақтай тұрған жөн. Бұл кроссовка, кедамен жүру керек деген сөз емес. Өкшесіз, басы үшкір балетка киюіңізге болады. Ақшыл, күлгін, сары түсті балетка кез келген аруды сәнді, талғамы жоғары етіп көрсетеді.
3. Қысқа, ашық-шашық киім киюден аулақ болыңыз. Қысқалау келетін белдемше, шорты, көйлектер өте арық бойжеткендерге ғана жарасымды. Оқудың алғашқы айында қысқа киіп, оқытушы-профессорлардың көзіне түспегеніңіз жөн. Қанша жерден «алтын белгі», «олимпиада үздігі» болсаңыз да, адамның сырт келбеті ол жайында пікір қалыптастырады.
Міне, бұл бірінші курс аруларына арналған басты кеңестеріміз. Кезекті материалымыздан сәнді киім үлгілерін тамашалайсыз.