- Негізгі бет
- Классика
- Ауди тарихы...
Ауди тарихы
Audi компаниясының негізін 1909 жылы Август Хорьх қалады. Неміс авто өндірушінің тарихы бұрын бүкіл Еуропа жеріне аты шулы болған Horch фирмасымен тікелей байланысты. 1899 жылы дарынды авто конструктор Август Хорьх Мангейм қаласында «Хорьх және Компания» фирмасын құрып, төрт жылдан кейін өндірісті Цвиккау қаласына көшірді.
1909 жыл Хорьх үшін сәтсіз болды. Сол жылы Август өзінің 6 цилиндрлі қозғалтқышын құрастырғанымен, ол ақаулықтарға толы болды. Сәтсіз шыққан қозғалтқыш компанияны банкротқа ұшырата жаздағандықтан, авто конструкторды оның серіктестері қудалап, өзі қалаған фирмадан қуып жіберген. Бірақ, Хорьх жақын маңайдан «Хорьх» атты жаңа компанияның негізін қалайды. Августтың бұрынғы әріптестері жаңа әрі қуатты фирманы бәсекелес ретінде көріп, «Хорьх» атауын өзгерту талабымен сотқа арыз-шағым жазады. Соттың шешімі бойынша Август Хорьх өз есімін жаңа өндіріліп жатқан көліктерге қоя алмағандықтан, ол сол сөздің латын баламасына - Audi деген сөзге көшуді жөн санады. «Хорьх» сөзі немісше «тыңда» дегенді білдіреді. Осылайша, 1909 жылы қазіргі кезде баршамызға таныс Audi компаниясы пайда болды.
Audi-A атты алғашқы көлік 1910 жылы жарық көрген. Келесі жылы конвейерден Audi-B үлгісі шықты. Бұл көліктердің негізінде Август Хорьх 1911 жылдың маусымында «Ауто Альпенфарт» көлік жарысында 2500 шақырым жерді өтіп шыққан болатын. Бұл жарыстар «Генрих ханзадасының сыйы» үшін ұйымдастырылған бәйгелердің орнын басты. Ал 1912 жылы Audi компаниясының ең әйгілі үлгісі – Audi C жарық көрді. Сол жылы ұйымдастырылған Альпі жарыстарында осы көліктің бірінші үлгілері қатаң сынақтан өтіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізгендіктен, адамдар Audi C үлгісін «Альпензигер» немесе «Альпіні бағындырушы» деп атап кеткен.
Өткен ғасырдың 20-шы жылдары Audi компаниясы банкротқа ұшыра жаздағандықтан, ол басқа фирмамен қосылуға мәжбүр болды. 1928 жылы компанияны немістің DKW фирмасы сатып алып, Audi-дің бастығы болып Йорген Скафте Расмуссен тағайындалады. 1932 жылғы қаржы дағдарысы бірнеше неміс көлік өндірушілерін «Auto Union» қоғамдастығын құруға итермелеген. Қоғамдастықта DKW мен Wanderer бұған қоса, бұрынғы бәсекелес Horch пен Audi мүшелік етті. Өндірілген көліктер екінші дүниежүзілік соғысқа дейін жақсы сатылып, бүкіл Еуропа жерінің түпкір-түпкірлеріне тараған.
Соғыстан кейін Audi мен «Auto Union» қоғамдастықтағы серіктес фирмалар мемлекеттің меншігіне өткен. Оларды «Ұлттық көліктерді шығаратын бірлестік» ұйымына қайта енгізді. 1949 жылы «Auto Union» қоғамдастығы Mercedes-Benz акцияларын тарту арқасында реформаланып, тараған болатын. 1958 жылы Daimler-Benz AG «Auto Union» қоғамдастығының біршама акцияларын сатып алып, кейін оны Volkswagen-ге сатқан. 1965 жылдан бастап Volkswagen-нің меншігіне өткен «Auto Union» Audi атауын қайта пайдалана бастады.
Осыдан кейін алдыңғы приводты үлгілер жарық көріп, 1968 жылдың аяғында Audi компаниясының көліктер нарығында өз үлесі болған. Компанияның айрықша таңбасы ретінде 1932 жылы болған төрт фирманың қосылуын көрсететін төрт сақиналы белгі қолданылды. 1969 жылы Volkswagen меншігіне «Neckarsulmer Automobilwerke» фирмасын сатып алып, нәтижесінде компанияның аты «Audi NSU Auto Union» деп өзгертілгенімен, 1985 жылдың жазында «Audi AG» атауы қайта қолданыла бастады.
1980 жылы Женева қаласында өткен автокөрмеде халық назарына «Audi quattro» толық приводты купе ұсынылса, 1990 жылы «Audi 100 avant quattro» үлгісі жарық көрді. «Audi quattro» мен бәрімізге белгілі «Audi 100-дің» бірінші үлгілері спорттық қырлары мен толық приводпен ерекшеленіп, Германия еліндегі көлік өндірісінің даму жолындағы басқан батыл қадам ретінде көрінді. Дәлірек айтқанда «Quattro» үлгісі фирманың атын бүкіл диниежүзіне әйгілі етіп, елдегі көлік өндірісінің дамуына түрткі болған.
Өткен ғасырдың 90-шы жылдары басында «Audi Cabriolet», «А3», «А4», «S4», «А6», «А8» үлгілері жарық көрсе, онжылдықтың аяғына таман «ТТ» шығарылған. 2000 жылы компания «quattro» принципін 20 жыл бойы ұстанғанын тойлап, қазіргі таңда қарқынды даму үстінде. Компанияның дамуына алюминийден жасалған шанағы бар «Audi A8» үлгісі де өз септігін қосқан.
Суреттер Idrive.kz, audifuns.com сайттарынан алынған