Әнші-ақындар шығармаларындағы “қоңыр” ұғымы

Әнші-ақындар шығармаларындағы “қоңыр”  ұғымы
Фото: el.kz

Музыка – өнер әлеміндегі күрделі саланың бірі. Бірақ осының сыртында музыканттар зерттемеген, музыканттар қол сұқпаған көптеген дыбыстар бар. Қазақ халқы сол дыбыстардың әрқайсысына ат қойып таңбалапты: сырқырап тұр, шарылдап тұр, ысылдап тұр, қырылдап тұр, дырылдап тұр, ызыңдап тұр. Бұл дыбыстар музыканттар пайдаланатын дыбыстардан тысқары. Бірақ осындай дыбысқа ат қоюдан қазақ жүздеген сөз шығарған екен. Әлде кең табиғатта жүргендіктен жасады ма, әлде бір басқа да жағдай бар ма?! Соған қарағанда қазақ халқы дыбысқа ерекше мән берген болуы керек. Осыдан барып қазақ халқына тән қоңыр үн қалыптасқан болу керек.

Кез келген халықтың тіршілік еткен ортасына лайықты қалыптастырған рухани-энергетикалық өрісі бар. Осы рухани өрісті қазақ халқы “қоңыр” деп атаған. Халық өз тарапынан қалыптастыратын энергетикалық өрісті күшейту үшін тәңірлері мен киелердің тарапынан келетін өрістерін қуаттап отырған. “Рухани өрісіміз, яғни қоңырымыз күшті болса, соғырлым ұлттық діліміз қуатты болмақ”, – дейді ғалым Нәжімеденов Жұмагелді. Өлең өзінің мазмұндық құрылымына тән сазды, баяу әуенді қажет етеді. Кең, шалқыма әуенді, әнді бұрынғы қазақтар қоңыр әндер немесе молқы ән деп атаған. Қоңыр әндер қазақ даласына кеңінен таралған. Қоңыр ұғымының қолданылуына қатысты сөздіктерде мынадай анықтамалар берілген:

 Қоңыр ән (әуен). Баяу, қоңыр дауыспен салынатын ән, әуен.

 Қоңыр саз. Бірқалыпты естілетін әуен, үн.

 Қоңыр дауыс (үн). Бірқалыпты ырғақпен айтылған жайлы үн, әуен.

 Қоңыр самал. Бірқалыпты соққан жайлы леп.

 Қоңыр тірлік. Бірқалыпты, қарапайым тіршілік.

 Қоңыр әңгіме. Жайлы, тартымды әңгіме.

 Қоңыр кеш. Жанға жайлы салқын кеш.

 Қоңыр қаз. Өзен-суларда жүретін қоңыр түсті жабайы қаз.

 Қоңыр. Қара мен қызылдың аралығындағы қою күрең түс.

Табиғатта бояу түсінің бар-жоғы жеті түрі бар. Мұны жаңбыр жауғаннан кейін пайда болатын кемпірқосақтан көруімізге болады. Бояу мен дыбыс арасында өзара тығыз ұқсастық бар. Қоңыр табиғатқа ең жақын үн. Қазақта қоңырды “баран” дейді. Ал “қылаң” деп ақ пен қара түсті айтады. Мысалы, (Алдыңғы ат қылаң болмай, баран болды. Ақан сері). Адам баласының табиғатты бүлдіргені табиғи үнді де жойғаны деп білеміз. 

Қазақ әнші-ақындарының шығармаларында да қоңыр ұғымы кеңінен қолданылды. XIX ғасырдың орта кезінде өмір сүрген ақын Біржан салдың шығармашылығындағы “Телқоңыр” әніне тоқталсақ:

ТЕЛҚОҢЫР

I түрі

Телқоңыр қайтып кетті елге таман

Ит-құстан барар ма екен есен-аман?

Ит-құстан аман-есен бара қалса,

Сәлемді үш қайтара айттым саған.

Жүгіріп жалаң аяқ шықтым қырға,

Басқаға жолда тұрған мойның бұрма.

Кеткенде ауылың шалғай беу қарағым,

Салсайшы өзімдей ғып “Телқоңырға”.

II түрі

Жүйрік ат, қыран бүркіт, қазан атым,

Құлақ сал, “Телқоңырға”, азаматым!

Баласы Қожағұлдың Біржан салмын,

Тез жеткіз Телқоңырдың аманатын. 

Телқоңыр қайтып кетті елге таман,

Ит-құстан барар ма екен есен-аман.

Қалқаға үш қайтара айттым сәлем,

Ит-құстан бара қалса аман-есен.

III түрі

Телқоңыр қайтып кетті елге таман,

Ит-құстан барар ма екен есен-аман?

Ит-құстан барса жақсы есен-аман,

Дау-жанжал бүліншілік елім жаман.

Жібердім Телқоңырды елге бар деп,

Жүруге бұл өлкеде жолың тар деп.

Жаныма бағалаған жануарым,

Шығардым осы әнімді саған арнап.

IV түрі

Телқоңыр қайтып кетті елге таман,

Ит-құстан барар ма екен есен-аман?

Ит-құстан қалса егер есен аман,

Қалқаға үш қайтара-ау, шіркін, айттым сәлем.

Жүгіртіп жалаң аяқ шықтым қырға,

Басқаға жолда тұрған, шіркін, мойның бұрма!

Басқаға жолда тұрған мойның бұрсаң,

Біржанды зар қыларсың “Телқоңырға”. 

Біржан салдың бұл өлеңі өзінің асыл тұқымды жануарына арналған. Мұнда ақын жүйрік атының болмысын суреттеп оның амандығын тілейді. Ақын жанына бағалаған жануарына деген сүйіспеншілігінен осы "Телқоңыр"әнінің дүниеге келгендігін айтады.

Өмір шындығын асқан суреткерлікпен жырлағын Ақан серінің шығармашылығындағы "Майда қоңыр" әніне тоқталсақ:

МАЙДА ҚОҢЫР

Жігіттің падишасы Әмір-Темір,

Бозбала, әңге салсаң, қайғың кемір.

Ай! Қайғың кемір-ау!

Кешегі бес болыстың кеңесінде,

Шығарған Ақан сері “Майда қоңыр” .

Ай! “Майда қоңыр-ау!”

Сұлу ат, жақсы қатын-ер қайрағы.

Жігіттің болып өстім сер бойдағы.

Ай! Сер бойдағы-ау!

Қағаз шай, ащы насыбай-ер арқасы,

Күйіңе түсіреді қай-қайдағы.

Ай! Қай-қайдағы-ау!

 МАЙДА ҚОҢЫР

"Майда қоңыр" әнінің мазмұны мен идеясына мән берсек, мұнда ақын жастық шақты, жігіттік кезеңді сол кезеңнің дәуренін көрсетеді. Бозбалалқ шақтың серуенін сипаттайды.

Қазақтың суырыпсалма ақыны Әсет Найманбайұлының "Майда қоңыр" әні де жастық шақтың жалынын бейнелейді. Әннің текстіне зер салсақ:

Жас күнің таң болады қартайғанда,

Жан досың суысады мал тайғанда.

Көзіңе өткен күнің елестейді,

Алладан уақыт бітіп жантайғанда.

Төрт бұрышы төңіректің алыс емес

Көзі ашық, зейіні көп майталманға.

Жас күнің әлі-ақ өтер жайраңдаған,

Әр-нәрсе тұс-тұсымен сайраңдаған.

Қақ жарған қара суда болса жайын,

Болады о да шортан қайраңдаған...

Мысалы осы дүние сол секілді,

Сықылды оңғақ бояу ойраңдаған.

Мұнда ақын жастықтың өтпелі екендігін, уақыттың жүйріктігін айта келе кәріліктің болатыны заңды екендігін еске салады.

XIX ғасырдың бірінші жартысында қазақ халқына ақындық, әншілік, композиторлық, күйшілік өнерімен танылған Сегіз сері Бахрамұлы Шақшақов шығармашылығынан жиі шырқалатын ән – "Назқоңыр". Назқоңыр әнінен үзінді:

Көркем қыз шақырған соң жуықтайын,

Басқаны неге соған жуытайын.

Өзіңе ықыласым ауғаннан соң,

Қалайша Мүкаш сені ұмытайын.

Бұл әнді сері ғашығына жолыға алмай сергелдеңге түсіп жүрген кезінде шығарған екен. Әннің мазмұны сағынышқа, ынтызарлыққа, назға толы. "Назқоңыр" деп аталуы да содан болар.

Қоңыр әндер қазақ даласына өте көп тараған. Мұның сарқыншақ үлгілерін байтақ қазақ даласынан көруге дейін болады. Қазақ дүниетанымындағы "қоңыр" ең алдымен халықтың тіршілік ету кеңістігі, өзін қоршаған әлемі, қоңыражай қалыпты мекені, соған лайықты іс-әрекеттер: ойлауы, сезінуі, қабылдауы. Ал қоңыр сөзінің домбыра мен қобыз үніне қатысты жағын қарастыратын болсақ, домбыраның шертілуіне, сазының күмбіріне қарай қоңыр деген ұғымды оның үніне телеміз. Мысалы: "Қоңыр саз", "Назқоңыр", "Алқоңыр" сияқты ән-күй атауларының өзі де көп дүние сырын түсіндіреді. Себебі рухани өрісіміз – қоңырдан негіз алған үндік саз, ол табиғаттың өзі қалыптастырған үндік бояу. Яғни, қоңыр үн – табиғи үн. Қазақ халқы сол табиғаттың аясында көшпелі өмір тіршілігімен өзінің болмыстық қасиетінің бірі ретінде табиғаттың қоңыр үнін еншіленген.

Ә. Жутаева