Ұстаз туралы мектеп жасындағы балаларға арналған шығарма
Ғалымға да, шахтерге де, дәрігерге де, министрге де бас игізген ұстаздық – ұлы есім. Ақыл есі түзу, саналы адамның барлығы ұстаз алдын көреді. Адамдар өзіне мектепте сабақ бермесе де, өмірлдік бағыт-бағдар берген, сара жолға салған кісіні ұстаз тұтады. Ал мен сол ұстаздық ұлы жолға жеткен мұғалім болғым келеді.
Мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршін шағымнан мұғалім жұмысына қызығушылық білдірдім. Үйде жұмсақ ойыншықтарымды оқушы етіп отырғызып қойып, өзім мұғалім болатынмын. Журнал ашып, әрқайсысына атау беріп, оларды бағалауды қызық жұмыс санайтынмын.
«Бала – ойынмен жетіледі» деген рас екен. Сол кездегі бала қиял бүгінде арманға айналып, оған жету жолында мақсаттарымның кірпішін қалаудамын.
Қазіргі мұғалімдер өміріне түісіністік танытамын. Олар қағазбастылықтан шаршап, әр үйдің бұзығын тәртіпке саламын деп жүйкесі жіптей жұқарады. Ойнаудан жалықпайтын сәби секілді өз ісіне махаббатпен қарайтын адам қандай қиындық болса, темірдей төзімділік танытады.
Мұғалім әр баланы зерттеп, құпия қырларын ашып, кемшілігін емес, жетістігін ғана көрсе, арқасынан қағып, әр ісін қолдап отырса, екеуінің арасында берік көпір салынар еді. Оқушы мұғалімін анасындай, ұстазы шәкіртін баласындай жақсы көрер еді.
Болашақта мұғалімдерді қағазбастылықтан құтқарып, бар назары мен уақытын балаларға арнауға мүмкіндік жасалса, заман қазіргіден де жақсара түседі.
Қоғамда болып жатқан келеңіздік, қайырымсыздық, тәртіпсіздік – барлығының салдары үйдегі ата-ана мен мектептегі мұғалім тәрбиені бір-біріне сілтеуінен. Екеуі бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, баланы нағыз адам, толыққанды тұлға етіп шығаруға күш салса, рухани байлығымыз артып, қоғамдық бассыздықтар тамырына балта шабылады.
Келешекте мұғалім мамандығының мәртебесі биіктесе деймін. Басқа жерде танысы болмай не лайықты жұмыс таппай мұғалім бола салғандар емес, «Қазақ баласын тәрбиелеймін, Қазақстан болашағының тасын қалаймын» деген мақсатпен келгендер ғана ұстаздық ұлы есімге ие болса екен!