Адам бір жылын ойласа - дән себеді, бар ғұмырын ойласа - ағаш отырғызады, ал ғасырлық болашағын ойласа - ұрпақ тәрбиелейді. Иә, расымен ақылдың кені болған бабалар сөзі тегін айтылмаған болса керек.
Ұстаздар әулетінен тарап, ұстаздар отбасынан шығуым да ұстаз жолына түсуіме әсер еткен болса керек. Мен де ата-анама еліктеп, мектеп қабырғасында жүргенде ақ ұстаз болуды арман еттім.
М. Мәметова атындағы гуманитарлық колледжінде «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша оқуға түсіп, кейін Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде оқуымды жалғастыруым да сол арманымның бір бөлшегі болса керек. Білім жолында әдебиетші ғалым Серік Мақпырұлы, профессор Тебегенов Темірхан Сақаұлы, қазақ әдебиеті оқулықтарының, оқу бағдарламаларының авторы Қонысбаева Төкен Жұмажанқызы, әдебиетті оқыту әдістемесінен Бітібаева, ғалым, педагогика ғылымдарының докторы Фаузия Шамсиқызы, педагогика ғылымдарының докторы, доцент Нұрша Оразақынова, синтаксис саласын зерттеуші , мектептегі қазақ тілі оқулықтарының авторы Мереке Атабаева, ежелгі дәуір әдебиетін зерттеуші ғалым Гауһар Асқарова, сөзжасам саласын зерттеуші ғалым, профессор Балқия Қасым, әдебиет, сыншы Серік Қирабаев сынды ұстаздардан дәріс алып, сол кісілердің жетекшілігімен жоба қорғағанымды мақтанышпен айта аламын. Ұстаздарым білім беріп қана қоймай, өмірімен үлгі өнеге бола білді. Түрлі білім сайыстарына, ғылыми конференцияларға қатысып жүлделі орындарға ие болғаным да осы ұлағатты ұстаздарымның арқасы деп білемін. Үнемі Ғабит Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театрында қойылымдары қойылып жүрген драматург Серік Асылбекұлының қатаң талап қоя білуімен темірдей тәртіпті болуға үйрендік. Міне осындай ұлағатты ұстаздардан білім алған мына мен қалайша өз ісімнің маманы болмаймын? Мен сіздерге мәңгі қарыздармын!
Елімізде білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданған болатын. Мақсаты - білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, мұғалім мәртебесін көтеру. Жоба тап, жол көрсет, келешек қамы үшін, - деген Шәкәрім Құдайбердіұлының сөздерін басшылыққа ала отырып, талмай жұмыс жасаймын.
Қазақ тілінің синтаксис саласын зерттеуші ұлағатты ұстаз Мереке Атабаева апайымыз қыздарға: бірінші мақсаттарың – сәтті отбасын құру, дүниеге сау бала әкелу содан кейін ғана ғылымға бет бұрсаңдар да кеш емес дейтін. Себебі, отбасың қиын кезде арқа сүйейтін тірегің, жолдасыңның қолдауы арқылы жетістікке жетуге болады дейтін. Міне, осы сөздерді жадымызға тоқи жүріп, өмірлік жарыммен бірге жарқын болашаққа қадам жасадым. Ең қызығы жолдасым да білім саласындағы қызметкер. Спортты жанына серік еткен ол қазіргі таңда Қазалы аграрлы техникалық колледжінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі қызметін атқарып жүр. Шаңырақ көтергенімізге көп болмаған жас отбасы, білім саласында жас маман болсақ та бір-бірімізді үнемі түсінуге тырысамыз және қолдау көрсетеміз.
Байқаймысың, байқаймысың,
Мына ғажап тамашаны.
Бір адамға байланысты,
Бір адамның болашағы, - деп ақын Мұхтар Шаханов жырлаған осы жыр жолдары бақыт теоремасының бірінші заңы болса керек.
Ұстаздық жолындағы мақсатым - педагогикалық, психологиялық, философиялық, тіл саласындағы т.б ғылым салаларының тиімді зерттеу нәтижелері мен озық тәжірибелердің алдыңғы қатардағы идеяларын басшылыққа ала отырып, жаңалықты жатырқамай, өзімнің іс-тәжірибеме енгізу және жетістікке жету. Міне, осы мақсат жолында үнемі ізденіп келемін. Алматы қаласында үш айлық курстан өтіп келген білікті ұстаз, бастауыш сыныптың мұғалімі Мұратбаева Гүлмира апайымыз өз тәжірибесімен бөлісіп, жас мамандарды оқытуда. Сол кісінің қамқорлығының нәтижесінде жақында жаңа технология Кембридж тәсілімен қазақ әдебиеті пәнінен 9-сынып оқушыларына «Айтыс. «Біржан-Сара айтысы» тақырыбында ашық сабақ өткіздім. Жас маман ретінде ашық сабағым жоғары деңгейде бағаланды. Бұл мен үшін әрине, үлкен қанаттандыру еді.
Сонымен қатар, бүгінде мектепте «Жас талант» әдеби үйірмесінің жетекшісімін, Үйірменің мақсаты – қабілетті оқушыларды көркем шығарманы дұрыс та тиянақты, образға ене отырып оқуға төселдіру және әдеби тұрғыдан оқушылардың рухани талғамын қалыптастыру, сөз байлығын арттыру. Мектебіміздегі 5-11 сынып аралығындағы оқушылар ерікті түрде өздері қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүрген жайы бар. Мәселен, 22 қыркүйек Қазақстан халқы тілдері мерекесіне орай өткізілген «Туған тілің – түп қазығың, айбының!» атты мәнерлеп оқу сайысында үйірменің белсенді мүшелері 6 сынып оқушысы Аманғалиева Маргарита топ жарып, бас жүлдені иеленсе, 8 сынып оқушысы Жөкенов Жанболат жүлделі екінші орынды қанжығасына байлады.
Менің жетекшілігіммен 9-сынып оқушысы Жөкенова Мая аудандық ғылыми жобаға қатысып, «Әлеуметтік желілердегі тіл мәдениетінің сақталу мәселелері» атты өзекті тақырыпты қозғап, нәтижесінде жүлделі І орынды иеленді. Әлеуметтік желілердің сауаттылық, тіл тазалығы үшін пайдасы мен зияны жөнінде өз көзқарас тұрғысынан тереңнен қарастырып, зерттеуді жалғастыру үстінде. Оқушылардың жетістігі мұғалімді шабыттандыратын ерекше күш десек, жетістікке жету жолындағы жұмсалатын қыруар рухани энергия да көп болмағы баршаға аян.
Жетекшім Асылбек Тамаев өз сөзінде «Мәртебелі мұғалім – түрлі әдіспен қаруланған, білім мен тәрбиені, тәжірибені жанына серік еткен мұғалім. Мұғалім қай жерде жүрсе де мұғалім атына лайықты болуы керек» дейтін. Еліміздегі қара шаңырақ болған тұңғыш университет Абай атындағы Қазақ Ұлттық университетін үздік дипломмен тәмамдап, міне қазір де кішкентай ғана көл жағасында орын тепкен құмды ауылда өз мамандығым бойынша қызмет атқарамын. Бұл әрине менің өз арманыма жете алмайды деген сөз емес. Қазақстанның қай түкпірінде жүрсем де осы ұлағатты ұстаздарымның есіміне кір келтірмей, адал қызмет ету менің мақсатым. Абайша айтқанда, дүниенің бір кетігін жамай алсам, ұстаздарымның үмітін ақтағаным деп білемін!
Жолдаған:
Мейіржан Ерханқызы
Қызылорда облысы
Cурет: namys.kz