- Негізгі бет
- Шығарма
- Ұлы Жеңістің 70...
Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған үш шығарма
Ұлы Жеңістің 70 жылдығы да жақындап келеді. Уақыт өз дегенін жасайды. Жыл өткен сайын бізге Ұлы Жеңісті сыйлаған ардагерлеріміз бен тыл жұмыстарында аянбай тер төккен жандардың қатары сиреп барады. Сондықтан Ұлы Жеңістің авторлары – майдангерлерімізді сыйлап, құрметтеу, оларға қамқорлық жасау басты борышымыз! Бүгін біз сіздерге осы тақырыпта жас оқырмандарымыздың сайтымызға жолдаған шығармаларын ұсынамыз.
Мен Атамды мақтан етемін!
Ғаламтордағы мәліметтер мен үлкен кісілердің айтуынша, соғысты бірінші болып қарсы алғандардың қатарында Кеңес Одағының батыс шебін күзеткен ондаған мың қазақстандық шекарашылар болды. Олардың біразы 1941 жылы Брест гарнизонында қызмет етіп, кейін тірі қалған қорғаушылары партизандар қозғалысына қосылды. Соғыс Қазақстан үшін кенеттен басталса да, бүкіл Кеңес Одағындағы өзге елдердегідей қазақтар да бірінші күннен соғысқа қатысты.
Бұл – біздің елімізге төнген үлкен қауіп, әрі сын еді. Отанымызды қорғауға еңбектеген жас та, еңкейген кәрі де аттанды. Осы соғысқа анамның атасы, менің атам да қатысқан екен. Ол кісі 1943 жылы шақырылыпты. Оларды Петропавл қаласынан таң ата батысқа қарай алып жөнеліпті. Эшелон тоқтаған әрбір станция бұларға жергілікті халық қолдарында бар тамақтарын беріп, ақ ниеттерін көрсетіп отырған. Межелі жерге жеткен кезде атамдар бірден ұрысқа кіріскен. Ұлы атам қан майданда отыз жеті ай болыпты. Өйткені, атам елге соғыс біте сала оралмапты. Біз мұны атамның соғыс кезінде жазған күнделігінен оқыдық. Күнделік атамның қызында сақталған екен. Мен атаммен мақтанамын!
Таменова Ардақ
4 «Б» сынып оқушысы
Б.Атыханұлы атындағы № 36 гимназия,
Алматы қаласы, Алмалы ауданы
Жетекшісі: Куранбекова Гулназ
Жеңіс туы желбіре
Жеңіс туы,
Жеңіс туы,
Желбіресін мәңгілік!
Жеңіс жыры,
Жеңіс жыры,
Асқақтасын жаңғырып!
Жеңісім – салтанат, сән, сәулет,
Жеңісім – береке, бақ, дәулет!
Ұлы Отан соғысы аяқталып, Жеңістің туы желбірегеніне биыл - 70 жыл! Жеңіс күні – бұл сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Бұл мереке – біз үшін де ұлы мереке! Ұлы Отан соғысы біздің әрбірім үшін ұмытылмастай ізін қалдырды.
Осы соғыста қаншама адам қаза тауып, қаншамасы мүгедек атанды. Қаншама ана жесір, балалар жетім қалды. Оңай келмеген жеңісте ерен ерлігімен көзге түсіп, ерекше сый-құрметке ие болған сан мыңдаған жауынгерлердің ішінде қазақ аталарымыз бен апаларымыз да көп. Ерлігін жыр қылып айтатын әрбір қазақ батырымызды ешбіріміз ешқашан ұмытпаймыз. Қазір қазақ елдімекендерінде көптеген көшелер, ғимараттар, оқу орындарына Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен қазақтардың есімдері де берілді. Ол деген біз, яғни, кішкентай қазақстандықтар өз ата-апаларының ерліктерін ұмытпасын, біліп жүрсін, мақтан етсін деген мақсат. Қазіргі кезде сол батырларымыздың қатары сиреп, азайып қалды. Олар - біздің мақтанышымыз!
9 мамыр – бұл мереке ғана емес, бұл халықтың батырлығы. Біздің парызымыз – бұл күнді ешқашан ұмытпай есте сақтау!
Биыл Ұлы Отан соғысының жеңісіне 70 жыл толуына орай еліміздің әрбір жерінде әртүрлі іс-шаралар, мерекелік кештер өткізілуде. Соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, қошемет жасалуда. Әрине, олардың орасан зор еңбегін еш уақытта өтеу мүмкін емес. Соғыс ардагерлеріне тағзым ете отырып, келешек еліміздің ертеңі жақсы болса екен деп тілеймін. Әрбір қазақ баласы өз Отанын анасындай сүюі қажет. Тәуелсіз еліміз өркендеп, өсе берсін. Еліміздің көк аспанында бейбітшіліктің, тәуелсіздіктің, азаттықтың туы әрқашан желбірей берсін!
Маратова Жанель
3 «Ә» сынып оқушысы
Б.Атыханұлы атындағы № 36 гимназия,
Алматы қаласы, Алмалы ауданы
Жетекшісі: Мақпал Сембай
Әрқашан күн сөнбесін!
Ұлы Отан соғысының аяқталғанына, мінеки, 70 жыл толды! Яғни, біз 70 жыл бойы бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Ұлы Отан соғысына қатысқан ержүрек те, батыл аталарымыз бен апаларымыз: Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Талғат Бигелдинов, Төлеген Тоқтаров біздің жерімізді, елімізді басқыншы жаудан қорғап қалған. Осы Алматының көптеген саябақтарында, көшелерінде олардың ескерткіштері қойылған. 1941-1945 жылдар аралығында болған соғыс қаншама жанның өмірін қиды, қаншама отбасы ер жігіттерінен айырылып, қара жамылды. Сол соғыс қаншама бүлдіршінді жетім қалдырды. Елді жоқшылық, аштық жайлады. Тылда еңбектеген баладан бастап, еңкейген қартқа дейін тынбай еңбектенді. Олар майдандағы солдаттарды өз қамқорлығына алды. Соғыс адамзат баласын біріктірді. Олар бейбіт өмір үшін қасық қаны қалғанша күресті.
Менің үлкен атам – Құрмансейіт соғыс басталғанда ер азаматтармен бірге соғысқа аттанған екен. Соғыс біткен жылы жапондарға қарсы соғысқа кетіп бара жатқанын ауылдас досы көрген. Сол соғыстан менің ержүрек атам қайтпады. Ол кісінің соғыстан кейін тірі қалғаны, қалмағаны белгісіз. Ол туралы хабарсызбыз.
Менің дәл бүгінгі күндей бақытты өмір сүруіме өз үлесін қосқан атамды мақтан етемін! Ол да батыр! Өйткені, 70 жыл бойына тыныш, бейбіт заманда өмір сүрудеміз.
Бүгінде соғысқа қатысқан ардагерлер азайып бара жатыр. Соғыс туралы әңгімелер ертегі сияқты. Көп қасірет әкелген соғыс енді қайталанбаса екен деп тілейміз.
9 мамыр – жеңіс күні ерлердің ерлігіне тағзым етеміз, ортамыздағы ардагерлерге құрмет көрсетеміз.
Әр баланың жүрегі
«Әрқашан күн сөнбесін!
Аспаннан бұлт төнбесін!
Қасымда болсын Анам!
Болайын мен де аман!» - деп әндетеді.
Еркінқызы Назерке
4 «Б» сынып оқушысы
Б.Атыханұлы атындағы № 36 гимназия,
Алматы қаласы, Алмалы ауданы
Жетекшісі: Мақпал Сембай
Сурет: myfoto.kz
О. Сансызбай