- Негізгі бет
- Шығарма
- "Ұлы даланың жеті...
"Ұлы даланың жеті қыры" – өткенді ұмытпау мен ұлықтау
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры - тарих пен болашақтың алтын көпірі» атты мақаласы – ауқымды жұмыстың нәтижесі. Жинақталған материал арқылы тарихымызға кеңінен қарауға мүмкіндік беретін, патриотизмнің және елге деген құрметтің іргетасын қалайтын тарихи тұжырымдар жасалды. Іргелі еңбек – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын дамытудың аса маңызды кезеңі.
«Біздің ұлы болашағымыз туралы армандай отырып, лайықты өткенімізді де ұмытпау керек» деген сөздерінің дәлелін Ұлы даланың жеті қыры жайлы бағдарламалық мақаласынан көреміз. Бабаларымыз үшін жеті саны өте киелі болды. Мақаланың жеті санымен байланысуы өткенмен сабақтастық секілді.
Сары даланың жеті қыры жеті жүз мыңға татитыны рас. «Ең зор ізгі ерліктерді Отанға деген сүйіспешілік туғызған» - деп Ж.Ж.Руссо айтқандай, ұлы даланың баурайында жасалған дүниелердің барлығы сүйіспеншіліктен туғандай болады. Бабаларымыздың ат құлағында ойнап қоймай, жер ананың байлықтарын қажетке жарата білуі сүйсіндіреді. Төлегеннің Жібегін, Қозының Баянын, Абайдың Тоғжанын суреттегендегі сылдыр қаққан шолпы, сүйріктей саусақтарындағы сақина, құлағына таққан сырғасы қазақ жерінде металл өндіру ісі болғанын әбден дәлелдейді.
Көк бөрінің ұрпағымыз деп санаған халықтың әлемдік өнердің ең биіктерін бағындыруы тектен-тек емес. Әлем жұршылығының аузын ашқызып, көзін жұмдырған «Алтын адам» жайлы әңгіме тіптен бөлек. Өзіміздің түп тамырымызға өзгеше қарауға мәжбүр етті.
Ер түріктің бесігі атанған киелі Түркістанның бүгінде жаңаша сипат алуы алтын көпірді нығайта түседі. Ұлы Жібек жолының да өзектілігі жоғалған емес. Дәмі ауыздан кетпейтін алмасы мен көзді арбайтын қызғалдағы көктем сайын сүйіндіреді.
Елбасы өз мақаласында 7 бағыт бойынша тарихи мұраны тереңдетіп одан әрі зерттеуге бағытталған ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту мен күшейтудің кезекті міндеттерін қойды. Аса маңызды міндет ретінде мұрағаттарды, әсіресе, еліміздің облыстары мен аудандарында құжаттар мен баспа басылымдарын қамтитын архивтерді ұқыпты сақтауды тапсырды.
Нұрсұлтан Әбішұлының тарихи мақаласында көрсетілген еліміздің көп ғасырлық мұрасын жаңғыртудың ауқымды жобасы дала өркениетінің бай мәдени қорына баға жетпес үлес қосатыны сөзсіз. Ұлан-ғайыр дала үстінен ұшып келе жатқан қасиетті қыран құстың өрлігінен және Алатау бөктеріндегі қар барысының асқақ келбетінен әлі талай ұрпақ Ұлы дала тарихын есте сақтап, мақтан тұтатын болады.
@. @assel_assanova