- Негізгі бет
- Шығарма
- "Ұлттық театрлар –...
"Ұлттық театрлар – ұлт мақтанышы" тақырыбына эссе
Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Сондықтан оның мәдениеті мен салт-дәстүрі де әртүрлі. Ал мәдениеттің ошағы – бұл театр. Ұлттың мәдениетін сақтау үшін оның театрын да сақтау қажет. Қазіргі уақытта Қазақстанда қазақ, орыс, ұйғыр, өзбек, неміс, кәріс ұлттық театрлары бар. Олардың бірі драмалық театр болса, бірі – музыкалық, келесі бірі – комедиялық театрлар.
Ұйғыр және кәріс музыкалық комедия театрлары, неміс драма театры Алматы қаласында орналасса, өзбек драма театры Шымкент қаласында орналасқан. Ал орыс және қазақ драма театрлары әр облыста бар.
Шымкенттегі облыстық өзбек драма театры 2003 жылы ашылған, ал 2018 жылы 15 жылдық мерейтойын атап өтті. Театрдың ашылуы өзбек ұлты өкілдері үшін елеулі оқиға болды. Театрдың ашылу салтанатына Елбасы Н.Назарбаевтың өзі де келген екен. Драма театр өзбек халқының мәдени туындыларын қоюмен қатар, отандық және шетелдік қойылымдарды сахналайды.
Республикалық неміс драма театры 1974 жылы Теміртауда құрылған. Уақыт өткен сайын труппаның әртістері көбейіп, Алматы қаласында көшірілді. Неміс театры шетелдік байқауларға жиі қатысады. Театр неміс шығармаларымен бірге ағылшын, француз, орыс тіліндегі шығармаларды да сахналайды.
Мемлекеттік республикалық ұйғыр музыкалық комедия театрына 85 жылдан астап уақыт болды. 1934 жылы құрылған театр орыс, қазақ, өзбек, қырғыз, башқұрт жазушыларының шығармаларын қойды. Оның арасында М.Әуезовтің «Айман-Шолпаны» да бар.
Мемлекеттік республикалық кәріс музыкалық комедия театры – Қазақстандағы көне ұлттық театрлардың бірі әрі әлемде алғаш рет құрылған кәріс ұлттық театры саналады. 1931 жылы Владивосток қаласында үйірме түрінде құрылған театр кейін 30-жылдардың соңында Қызылордаға көшірілді.
«Театр – еңбектің көркемі» дейді қазақтың алғашқы драматургы Мұхтар Әуезов. Ал Ролан Быков болса, «өз театрын ашуды армандамайтын актерлерден құралған театр өте нашар театр, оның болашағы да жоқ» дейді. Еңбектің көркемін істеп, театрдың үздігін ашқысы келген кез келген өнер иесі, ең алдымен, өзінің ұлттық болмысын, салт-санасын жаңғартуды ойлары хақ. Ұлтын, халқын ойлаған жан оның өнері мен мәдениетіне еңбек сіңіруге тырысаны белгілі. Тарихи отанында емес, одан жырақта қоңсы қонып, өмір сүріп жатқан ұлттың тіршілік қуатын көргіңіз келсе, оның мәдениетіне назар аударыңыз. Әр ұлттың мақтанышы – ол өнері мен мәдениеті. Оны дәріптеп сақтауға тырысқан ұлт жер бетінен жоғалмасы, өмірден өшпесі анық.
Қазақстанда тұрып жатқан ұлттардың өзінің жеке театрын ашуға қызығып, мәдениетін сақтап қалуға жанталасса, құрмет көрсетерлік іс.
Елімізде жыл сайын ұлттық театрлардың республикалық фестивалі өтеді. Мәдени фестиваль алты тілде жұмыс істейтін театрлар арасында тығыз байланыс орнату, репертуар сараптау, өнер ұжымдарының шығармашылық ізденістерін бағалау, түрлі ұлттың мәдениетін көпшілікке таныстыру мақсатында ұйымдастырылады. Бұл этносаралық бірлік пен татулықты нығайта отырып, театр өнерінің жандануына оң ықпалын тигізеді.
Қ. Слямбек