Тұғыры биік туған тіл

Тілді жеке бір адам жасай алмайды, оның түпкі иесі халық.

В.Г.Белинский

Тіл тұғырының биікке көтерілгені - халық мәртебесінің жоғарылауы. Өз тіліңнің қадірін біліп, байлығым деп санасаң жеке мемлекет ішінде тіл мәселесі көтерілмес еді. Біздің Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз, мемлекеттік тіліміз ұлтымыздың көкке ұстар тірегі.

Сүйемін туған тілді, ана тілді,
Бесікте жатқанда-ақ берген білім
Шыр етіп жерге түскен минутымнан
Құлағыма сіңірген таныс үнін.

Біздің ана тіліміз ең бай тіл. Қай елдің болмасын негізгі мәселесі осы ана тілі болмақ. Мәселе туындаса бір ел мақтайды, біреуі даттайды. Қанша сөз айтылса да ол өзінің туған тілі емес пе?! Тіл тұтастығын жоғалтып алсақ оны қайта құрастырушы – халық. Қазақ тілі – жеке бір қазақ адамның тілі емес, барша мемлекеттің ортақ тілі.  Тілді біз ананың ақ сүтімен бесікте жатқан да ақ бойымызға сіңіреміз. Біз өз тіліміздің қаншалықты бай екендігін өзгелердің көзінше қиналмай-ақ жеткізе аламыз. Таза, мәнерлеп, сөздің майын тамыза сөйлеу арқылы сен өз тіліңді қандай дәрежеде құрметтейтініңді дәлелдей аласың. Тарихымыз, өткеніміз қаншалықты құнды болса, тіліміз де соншалықты құнды болмақ. 

Қазірде тіл туралы қозғалып жатқан  мәселені айтып қажеті жоқ деп ойлаймын. Ол туралы біраз сөз де қозғалып жүр. Оның түйінін табу әр адамның санасында жатыр. Тіліңе деген құрметіміз шексіз болса  бір күш болып оны да тарқатуға әліміз жетеді. Жастар тілді құрметтемейді, қалай болса солай сөйлейді, туған тіліміздің абыройын жерге таптап жүр деген бос сөз деп ойлаймын. Әркімнің жеке өз пікірі бар. Тілдің формасын сақтау оны одан әрі өрбіту тек қана жастар емес мемлекет ішінде өмір сүріп жатқан әрбір адамның міндеті. Үйде отырып-ақ тіл байлығын кішкентай бүлдіршінге де үйретуге болады. Туған тілімізде емін-еркін сөйлей алуымызға бір себепкер біздің отбасымызда берілетін тәрбие және жеке бір адам. Отбасында қандай тәрбие берсе өзге адамға қандай дәрежеде өмір сүріп жатқанымызды көрсетеміз. Яғни, халықтың дамығанын қарым-қатынаста  жүрген мемлекетке дәлелдейтін ең басты құрал – тіл.

Қазақ тілінің құдіретін қанша сөзбен айтсақ та, оны жеткізу мүмкін емес. Кезінде талай ғалым, жазушы, зерттеушілер осы қазақ тілінің қандай көркем тіл екенін айтқан еді. Соның бірі Мелиоранский: «Қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең таза,әрі бай тілге жатады. Қазақтар - шешен әрі әдемі сөйлеудің хас жебері... Қазақтар халық әдебиетіне  аса бай әрі жан-жақты», - деген. Расымен де, қазақ тілі сүбелі сөзге, мақалға, шешендік сөздерге бай. Ана тіліңмен қатар басқа халықтың тілін білу сол елдің тіліне көшті деген сөз емес, ол адамның өз-өзін шыңдауы.

Мен өз сөзімді Бауыржан Момышұлының керемет бір сөзімен түйіндегім келеді. «Қазақ тілі өткірлігімен, бой балқытып, құлақ құрышын қандырып, жан жүйеңді жандырып, ұғымын қонымды, жүрегіңе тиімді... қысыл таяң қатал жағдайда қайрап, егеп сөз тапқанға қолқа жоқ» дегендей ерге, елге медет болып адам түгіл жағдайдың көмейіне құм құйып ,аузын аштырмай, үнін шығармай қоятын тіл...».

Жолдаған: Кәмшат Кенжеғали