- Негізгі бет
- Шығарма
- Тіл туралы шығарма....
Тіл туралы шығарма. Марал Құрбанова
Массагет сайты алдағы Қазақстан халықтарының тілдер күні мерекесіне орай, әр азаматқа ана тілін дамытуға үлес қосуға мүмкіндік беріп, қазақ тілі туралы шығарма қабылдау науқанын бастады. Назарларыңызға Массагет оқырманы Марал Құрбанова жолдаған жазбаны ұсынамыз. Оқып, ой түйіп, сіз де өз көзқарасыңызды білдіріп, шығарма жазыңыз.
Әрбір тіл өзінің халқы үшін – ұлы
Біз өзгелерге жан толғанысымызды, ішкі тебіренісімізді, бар сезімімізді, ұғымтал, ұшқыр ойларымызды тілдесу арқылы жеткіземіз. Түптеп келгенде жер бетіндегі барша тіршілік иелері өэінше ұғысады. Сол секілді адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы – тіл.
Әрбір ұлттың алтын діңгегі, ажырамас бөлігі де – осы тіл. Ұлттың азаттығы мен ашық аспанының, ұлт болып қалыптасуының, мәңгілікке қол созып, көз тастауының, биіктерге ұмтылуының алғышарты ұлы тілінің асқақтауында жатыр.
Тағылымы биік, аңыз бен ақиқатты ұштастырған жұмбақ сыр мен тылсымға толы тарих беттеріне үңілсек, халқымыз сөз құдіретіне кем емес екенін ұғамыз. Бір ауыз сөзбен дауды тоқтатып, бір ауыз сөзбен жауды қайтарған, білек күшімен емес, терең ой мен ақыл парасаттың арқасында елге сыйлы болған даналарымыз қаншама?! Бүгінде сол ерліктің біз үшін ертегідей екені тағы рас.
Кезінде таудан биік, теңізден терең болған, тамырын кеңге жайған алып бәйтеректей тіліміз уақыттың аяусыз ағынына тап болып, отыншы балтасымен кескен ағаштай майдаланғаны жанды ауыртады. Әрбір болған істің салдарына емес, себебіне көз жүгіртсек, ақиқаттың түбіне ақыры жетеріміз анық.
Қайсар халықтың бастан кешкен тауқыметі – жылдар бойы айтып тауыса алмайтын, қасіретке толы дастан. Тіліміздің тоқырауға ұшырауының себебі тарих беттерінде айқын көрініс тапқан. Ғасырдан астам уақыт бодандықтың ащы азабын тартқан ел үшін тілінің түп-тамырын сақтап қалу – ұлы ерлік. Діл мен дәстүрден, тілден алшақтатқан бодандықтың ауыр азабы ұлтын сүйер азаматтардың басын біріктіріп, бостандық пен тіл үшін күресетін ұлы жауынгерлерді жасақтап шықты. Өзі өмір сүрген заманда қазақ зиялыларының әрқайсысы тілдің ұмыт болмауы үшін қосқан үлестері ұшан теңіз. Жанға медеті де осы. Ұлттық рух пен ұлттық ой-санамыздың биік тұғырынан түспеуі – зиялылардың ел үшін жасаған ерлігінің нәтежиесі. Ғасырдан астам уақытқа созылған ұлт үшін ұлы күресте талай боздақ жанын құрбан етті. Нәтежиесі – біз көріп жүрген көк туы желбіреп, әнұраны асқақтаған тәуелсіздіктің арайлап атқан әрбір ақ таңы. Бабалары арман етіп, балалары қорған болған тәуелсіз елде туған тілінде сөйлеуге шамасы жетпегендер мен арланатындардың нендей себебі бар екен?! Тауқыметке толы тағдырды басынан кешпеген, таяз ойлы ұрпағын бабалары көрсе, "Тілдің жауы өзге емес, өзіміз болғанымыз ба?!" деп қынжылары анық.
Адамның адам болып жүруінің өзі тілдің арқасында. Адам өз тілін жақсы меңгеріп, басқалармен де тіл табысса, өз өмірінің мәнді өтуіне жағдай жасайды. Қоғам тіл мен пікірге бай болған сайын, қайратты бола түседі. Халық қай деңгейде тілдің бай қоры мен көркемдігін сақтаса, сол деңгейде өмір сүреді. Өткеннен аманат болып жеткен қастерлі тіліміз алтын тұғырында мәңгі тұрақтаса, одан артық ел үшін бақыт болмас еді. Түбі бір түркі, тілі ұқсас қырғыз халқының заңғар жазушысы Шыңғыс Айтыматовтың: "Халықтың мәңгі ғұмыры – тілінде. Әрбір тіл халқы үшін – ұлы",– деген сөзі бар. Сондықтан да тілімізді көзіміздің қарашығындай сақтау – біздің міндетіміз. Тілі біртіндеп жоғалған ұлттың уақыт өте келе өзі де тарих сахнасынан жоғалары анық.
Біздің бар болмысымыз қастерлі тілімізді қадірлеуден сипат алады.
Марал Құрбанова
@. @assel_assanova