- Негізгі бет
- Шығарма
- Тәуелсіздік – тәңір...
Тәуелсіздік – тәңір сыйы (шығарма)
Азат елдің азаматы болып туған күллі қазақта арман бар ма?!
Алаш туының астында азаттықтың ақ таңы атқалы да ширек ғасыр өтіпті. Бүлдіршіннен бозбалаға, бозбаладан жігіттікке қадам басқан еліміздің орда бұзар сәті де алыс емес. Егемендік алып, ес жиғалы бері жеткен жетістік пен жеңісте есеп жоқ. Бағындырар биігіміз бен алар асуымыз әлі көп.
Тәуелсіздік қазаққа қанмен, жанмен келген қасиетті де киелі ұғым. Қадіріне жеткендер күнде тәубе деуден жалыққан емес. Көк аспанның астында көк тудың күнделікті желбірегенін көріп жүрген бізде арман жоқ. Тарихтың тереңіне көз салар болсақ, еңселі ел болуды ертеден-ақ ойлаған. Сол жолда қаншама қан төгіліп, қанша жас қыршын кетті. Арғысы көк түріктің сарынынан, бергісі Махамбеттің жырларынан Көк бөрі ұрпағының көкке ұмтылысын айқын көре аламыз. Бүгінгі күнге мың шүкір!
Туған елің тұмарлы тұлпарың болғанда, хан – ноқта, би – ауыздық, батыр – қамшы. Расында да, елбасы ел тілегіне құлақ асып, бейбіт өмір кешуіміз – бүгінгі күннің басты жетістігі. Азаттықтың арқасында алпауыт мемлекеттермен иық тіресіп, жер шарына "Қазақстан" деген есіммен танылдық. Ұлан-ғайыр жеріміз әлем картасынан кім-кімді болса да алаңдатары сөзсіз. Дербестіктің нәтижесінде өзіндік дара да даңғыл жолымыз бар. Бөрі бөрілігін танытпай қоймайды. Алты құрлыққа атымыз мәлім.
Тәуелсіздік – тәңір сыйы. Қазақтың басты байлығы да – бостандық. Бодандықтан босап, бәсекеге қабілетімізді арттырдық. Бәйгеде топ жарып жүрміз. Жарыстан жүлдесіз қайтпадық. Әлемнің қақ төрінде әнұранымыз шырқалды. Осыдан асқан бақыт бар ма?! Ата-бабаның арманы да осы емес пе?! Көш жүре түзеледі. Береке мен бірлік бар жерде, кемшіліктер де өз орнына ығыса жатар. Бүгінгінің жастары қиындықпен келген тәуелсіздіктің туын жоғары көтеріп жүруі керек. Болашақпен бағытталып, келешекпен кемелденетін біз секілді жастар қауымы байрақты төмен түсірмесі анық. Ата-бабаның асқақ арманының жолында ұлағатты ұрпақ өсіп келе жатыр. Тәңірден келген тәтті сыйдың еңсесін биік ұстау өз қолымызда. Ендеше, көк туды желбіретейік, келер ұрпақ!
Ә. Жутаева