Өзіммен тетелес сіңлім екеуміз Алматы жұртының тойына алғаш рет қатысып, олардың думанының ерекшелегіне таң қалыса әңгіме-дүкен құрып отырғанбыз. Той бітейін деп қалған болса керек, хан сарайындай аппақ кең залдың ортасында бір топ қыз-жігіттер ойын-сауық құрса, әр үстелдің қасында қолдарына дорба ұстаған әжелер сарқыт жинап жүр екен.
Кенет сол жағымнан «Есіңде ме, бұрын мама қонақтықтан жетеумізге бір-ақ дана кәмпит алып келуші еді ғой?» - деген дауыс шықты. Сіңліме бұрылып қараған кезде еріндері жымиып тұрғанымен, менің төрт көзімдей болатын бақырайған қос тостағанынан сағыныш лебі сезілді.
— Әрине есімде...
Сол кішкентай қара кемпірді соңғы кездері көп ойлайтын болдым. Мектеп бітіргенде кемпір-шалдың мәпелеп баулыған балапандары бірінен соң бірі нәзік қанаттарымен осы әсем шаһарға ұшып келгенбіз. Ал, қазір қанаттарымыз қатайса да, «Мама-ау, сабағым бар ғой», «Мама-ау, жұмыстан жібермейді» – деген себептермен ауылдағы алтын ұямызға жылына екі-ақ рет барып қайтамыз...
... Ағайынды екеуден туған жеті немере атамның үйінде тәрбиелендік. Қазақ отбасының салтына сай, әсіресе ауыл қазақтары, туған шешелеріміздің атын атаймыз. Шулаған бала «мамалап» әжеміздің қасынан бір елі шықпайтынбыз. Содан ата-әжем бір-біріне тіркесіп күнде қонаққа, тойға немесе түйе бағуға кеткен көрші шал-кемпірлерді соңғы сапарына шығарып салуға кететін. Олар үйден шыға салысымен, «әлемнің жеті кереметі» сарқыт күтіп терезенің алдында отыратынбыз. Қайтып келген соң, әжем «Кемпірдің жасын берсін, бісмілләмен ауыз тиіңдер» – деп шелпек үлестіреді. Шелпекті лезде жеп аламыз, бірақ біздің күтетініміз ол емес. Иә, біздің күтетіміз – тәттілер! Жұрттың әжелері сияқты уыс-уыс тәтті емес, үнемі бәрімізге бір-ақ дана мұз кәмпит алып келетінін біле тұра, соны асыға күтетіміз қалай?! Балалық-ай! Қазір соған таң қаламын. Әлгі адамның ғұмырын ұзартатын шелпектен соң, сценарий бойынша әжем оң қалтасынан барбарис кәмпитін, ал екінші қалтасынан шақпақ секерін уататын кішкене қысқышын алып шығады. Мұз кәмпитін алақанына салып, қысқышпен үстінен соғып қалғанда, әлгі барбарис бірдеңе білетіндей дәл жетіге бөліне қалады. Кәмпиттің сынықтарын әрқайсымызға бере отырып, әжем «Ақпа құлаққа айтсаң, ағып кетеді, құйма құлаққа айтсаң, құйып алады,» – деп сөзін бастайтын. Ол, жалпы, барлық әңгімесін осылай бастайды, – Балаларым, қазақта «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді,» - деген сөз бар, екі әкенің баласымыз демеңдер, қолдарыңа не түссе де бауырларыңмен бөлісіңдер –дейтін.
Содан қолымызға түскен тәттіні жеңгемнің «Бірден жеп қойындар, әйтпесе, киімдерің шырыш болады» - деп шыр-пыр болғанын елемей, терезеден түскен күн сәулесіне алақанымызды созып, қызғылт кәмпиттің бетіне түскен жарықтың жалт-жұлт еткенін қызықтайтынбыз. Құдды бір асыл тас секілді! Әжемнің зергер қысқышы өңдеген қырларына қарасаң, нағыз лағыл іспетті! Енді білдім, сол жай ғана барбарис кәмпитінің сынығы шынымен де әлемде теңдесі жоқ жақұт екен. Татулықтың лағыл тасы екен ғой! Татулық тасын жұтқан ағайындыларды жау алмас. Лайым солай болғай...
О кезде әжемнің әр күн сайын қайталап айта беретін сөздерін балалықпен елемейтінбіз, дегенмен құлаққа сіңген екен, санамда жаңғырып тұрады. Бұл менің атам мен әжеме тән ұшан-теңіз, көл-көсір даналықтың бір тамшысы ғана...