- Негізгі бет
- Шығарма
- Табиғатты аялайық...
Табиғатты аялайық
Халқымыз тауды бұзып, тасты жарып, жерді терең қазып ел үшін біраз игі істерді жүзеге асырды. Ғылыми-техникалық революция болды. Көптеген өнеркәсіп іске қосылды. Сол кездерде мұның қызығын да көрді. Өкінішке орай, ғылым мен техниканың ғаламат жетістіктері және шапшаң дамуы, адамзаттың барған сайын ашкөздікпен табиғатты тонауы, айналадағы жаратылыстың тепе-теңдік заңдарын бұзды. Осылардың нәтижесінде жеріміздің ауасы тарылып, өзен-көлі бүлініп, жайылымдардың топырағы тілініп, қоршаған ортамыз көз алдымызда азып-тоза бастады. Мұның соңы азынаған желге, ащы және улы жаңбырға, ормандардың мезгілсіз қурауына, ауа райының бұзылуына, қоршаған ортаның әртүрлі улы қосылыстармен ластануына әкеліп соқтырды. Адамдардың денсаулығы нашарлап аурулардың түрлері және саны көбейді. Енді табиғат адамнан араша күтіп тұр. Ал табиғатты қалай қорғауға болады? Бұл өте күрделі мәселе. Осы мәселені шешу үшін ең алдымен, адамдардың табиғатқа деген көзқарасын өзгертіп, тәрбиелеу керек. Балабақшадан бастап, мектептерде, жоғары оқу орындарында, адамдардың табиғатты, қоршаған ортаны аялау керектігін түсіндіру керек. Қазіргі заманға сай экологиялық идеология қажет. Егер біз жас ұрпақты кішкентай кезінен бастап табиғатты сүюге тәрбиелемесек көп нәрседен ұтылатынымыз хақ. Әрбір тәрбиеші, мұғалім, маман, басшы, экология негіздерін жақсы білуі қажет. Сонда ғана әрбір адамның миында, қанында, көзқарасында қоршаған ортаны бүлдірмеу керектігі туралы негіз қалыптасады. Адамдар сонда ғана туған өңір табиғатын қорғауда белсенділік көрсете алады. Газет-журналдарға мақала жазу, баяндама жасау, теледидардан мәліметтер беру, жазушылармен, ғалымдармен кездесулер өткізудің нәтижелері мол болады. Адамдардың көздерін, адамды табиғаттың бір бөлшегі екендігіне жеткізу өте маңызды. Экологияға біз өте кеш көңіл бөле бастадық. Әбден табиғатымыз азып-тозғанда ғана бұл ғылым саласына бет бұрдық. Енді болашақта, экология саласында білім берудің аясын кеңейте түсу қажет. Ең негізгісі, “экология” пәнін балабақшадан бастап барлық мектептерде, орта және жоғары оқу орындарында ашылуын қамтамасыз ету қажет. Сонда ғана ертеңгі күннің белсенді табиғат корғаушыларын дайындауға мүмкіндік аламыз.
Ж. Исакаев