Студенттік өмір туралы шығарма

Мінекей, студенттік өмірдің үш айы үш күндей болып өте шықты. Осының өзі өміріміздің осы өткен үш ай сияқты көзді ашып-жұмғанша өте шығарын меңземей ме? Осы студенттік өмірімнің үш айын не нәрсемен өткердім, даму бар ма өмірімде, жоқ әлде кері кету басым ба менде? Адам даму үшін өзіне есеп беріп қойғаны дұрыс қой.  Студенттік өмірдің алғашқы жылы қызық, думанды болады, - дейді, бізден бір көйлек бұрын тоздырғандар. Иә, қызығын көріп жатырмыз. Топтағылармен қаланың қарыштап дамыған жерлерін көріп, театрға барып, рухани азық алып, мұражайлардың мұраларына қанығып, қойшы әйтеуір, мәз-мейрам болып қаласың. Былай қарағанда бұл жерлерге студент болмай тұрып та барып жүрдік қой. Таңғалатын ештеңесі жоқ тәрізді болғанымен, жанындағы серіктеріңмен келгендей болмайды екен. Бәрінің де сәнін келтіретін сол достар, сол топтастар.

Студент болғанның жөні осы екен деп, шектен шығып, түнгі клубтың төрін бермей, жастықтың оты жалындап тұрған шақта, талаптың атын қай додаға саларын білмей адасып жатқандар да бар арамызда. Әй дейтін - әже, қой дейтін - қожаның жоқтығын пайдаланып, қай тобырдың арасынан шыға келгенін білмей жүргендер қаншама. Соларға қарап шүкіршілік қыласың кейде, қайғырып тұрып.

Болашағын бағамдап, күш-қайратын білімге, өнерге жұмсамақ болып келген, талабы таудай қыз-жігіттер де жетерлік жоғарғы оқу орнында. Мемлекеттің сапалы, саналы, бағалы бөлігі осындай жастардан шықса керек, сірә! Осындай студенттерге қарап қызыға, қызғана қарайсың кейде, қуанып тұрып! Мен де бәлкім осы жолды ұстанатын шығармын. Бір шындығы сол - мақсатқа жетудегі жолды көркемдейтін білімнің, сабыр мен талаптың, күш пен табандылықтың жоқ екені болса керек. Мен алар асу - үлкен!

Тәбәрәк Ризабеков,

Абай атындағы ҚазҰПУ, 4-курс студенті

Сурет: womensvoicesforchange.org