Шығарма. Мектеп – білім тірегі, ұстаз – оның жүрегі

Шығарма. Мектеп – білім тірегі, ұстаз – оның жүрегі
Фото: massaget.kz

Ең үздік шығарма - оқушының өзі жазған шығармасы. Ұстаз бен шәкірт - егіз ұғым. Көз алдында жүрген ұстазына қарап, ұстаздықты түсінген оқушылар осынау көне де асыл мамандық жайлы ойларын хат-қаламмен қорытып, параққа түсірген екен. 

Мектеп – білім тірегі, ұстаз – оның жүрегі 

Мектепті білім айдынындағы үлкен кемеге теңегім келеді. Осы кемеде бала он бір жыл уақытын өткізеді. Бұл кемеде небір дарынды тұлғалар да, әлемді бас идірген ағаларымыз да, сіз де, біз де отырдық.

Мектеп, мектеп – менің жарқын көңілім,

Мектеп, мектеп – шаттыққа толы өмірім.

Мектеп, мектеп, әнім болып төгілдің

Мектеп, мектеп, анам болып көріндің.

Екінші анамыздай бар жылуын бізден аямай беріп жүрген жандар – аяулы ұстаздар, «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» дегендей, ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыс ана мен бала не әке мен бала арасындағы сүйіспеншілікпен бірдей. Өйткені бала көзін ашқанда ата-анасын көрсе, білім көзін ашқанда ұстазын көреді.

Ғылымның қыр-сырын меңгеріп, бойындағы бар білімін оқушыларына сіңірген ұстаздарымыз қаншама! Ұстаздың жолында шаршамай, талмай қызмет етіп жүрген асыл жандарымыз барша құрметке лайық.

Бұл мамандықтық қызығы мен шыжығы көп. Ел ертеңі – ұландардың бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, шыншылдық пен қайырымдылықты, рухани байлық пен ұлттық байлықты сіңдіретін, оларды тұлғалы азамат етіп қалыптастыруда зор үлес қосып, мол еңбек ететін де осы – ұстаздар.

«Ұстаз» деген атқа ие болған адам бақытты адам деп ойлаймын. Себебі олар әрбіріміздің тағдырымызға әсер етіп, әрқашан тірек болып қасымыздан табылады. Ұстаз болу қиын, бірақ осы дүниедегі ең жауапты да, ең ардақты да мамандық – осы.

Ұстаз ағып жатқан өзен тәрізді: шөлдеп жүргенді қаңдырып, терлеп жүргенді сусатады. Айналасына қуат беріп, таудай қиындықтарды тастай домалатын, жер деген әлемді көркейтетін қымбатты жандар. Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатар, шәкірт жүрегіне гүл егер, бала жанының бағбаны – аяулы ұстаздар емес пе?!

«Бала жүрегі кішкентай күй сандық, сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт тұруы керек» деп Мұхтар Шаханов ағамыз айтқандай, бала бойындағы дарынды ашу кез келген адамның қолынан келмейтін іс, ол тек мұғалімнің ғана қолынан келеді деп ойлаймын.

Ұстаздың бейнесі шәкірттерінің жүрегінде тасқа қашалған Орхан жазбаларындай мәңгі сақталып қалса, ол ұстаздың берген білімі мен тәрбиесінің арқасында.

***

Ұстаз – біздің екінші анамыз. Ең алғаш мектеп табалдырығын аттағанда ата-анамыз бізді білім алсын деп ұстазға тапсырады. Мектебіне, оқушылары мен мамандығына адал адам ғана нағыз ұстаз бола алады.

Менің алғашқы ұстазым – жүрегімде. Алғаш мектеп есігін аттаған кезде, бізде қобалжу мен қорқыныш болды. Алайда мейіріммен қарсы алған алғашқы ұстазымыз жүректегі қобалжуды жылы сөзбен сейілтіп, білімге деген құштарлығымызды оятты. Ұстазымыз әріп үйретіп,жазу жазғызып, тәртіпке баулыды. Тентек жасағанда кещіре білді. Бастауыш сынып түрлі, қызықты, күлкілі оқиғалармен есте қалды. Қолымызға алғаш домбыра ұстап үйрендік. Бұл да сол ұстазымыздың арқасында.

Мұғаліміміз бізді ақылды, сабырлы, жинақы болуға тәрбиеледі. Арасында күлдіріп, сабаққа деген ынтамызды реттеп алатын. Ұстазымыз үнемі ізденісте жүретін, бізге бағыт-бағдар беріп отыратын. Жақсы мамандық алу үшін мектепті жақсы оқу керек дейтін.

***

Бұл өмірде түрлі-түрлі мамандық бар. Әр мамандық өзінше бір әлем. Дәрігер адам емдесе, ұстаз оны оқытады, құрылысшы үй салса, әнші ән айтады, тігінші киім тігеді. Бірақ қай адамды алсақ та, ол қай мамандықтың иесі болмасын бәрі ұстаздың тәрбиесінен өткендер. Содан біліп алып, түлеп шыққандар.

Ұстаз – жас ұрпақтың рухани сәулетшісі. Ұлағатты есімнің иесі. Шәкірттеріне бар білімі мен білгенін үйретіп, жақсы қасиеттерді бойына сіңдіріп, дұрыс тәлім-тәрбие беріп, адамгершілік рухты қалыптастырады. Бұл жерде ұстаздың еңбегі ерекше зор. Сондықтан да ұстазды қасиетті тұлға деп бағалаймыз.

Баланың болмысына ата-анадан кейін ақыл-ой, адамгершілік, әдеп мен ар-ұятты, сана-сезімді сіңдіретін де – ұстаз. Соның арқасында егеменді еліміздің көркеюіне үлес қосамыз.

***

Мектеп, шәкірт. Осы екі сөзге жан бітіретін – ұстаз. «Мектеп – білім тірегі, ұстаз – оның жүрегі» деген нақылдың мәнін ұқтырғандай. Мен ұстазды ақылдың бейнесі деп білем. Ұстаз жылы сөзімен-ақ, айтқан ақылымен-ақ қаншама жанның жүрегінен орын алды. Бар білген-жиғанын шәкіртіне тосып беріп, шексіз қайырымдылық жасайды. Мұндай жанның ұмтылуы екіталай.

Алғаш қолыма қалам беріп, өмірдің қыр-сырын үйреткен алғашқы ұстазым менің жүрегімде мәңгі қалары сөзсіз. Қалды да. Ұстаздың қадір-қасиетін де алғашқы ұстазымызға қарап түсіндім. Болашаққа дегенім сенімім мен үмітімді оятқан да – алғашқы ұстазым. Білікті ұстаздан білім алған шәкірттің де беделі жоғары болады. Мұны мен бастауышты бітіріп, жоғары сыныпқа қарай көшкенде анық аңғардым. 

***

Ұстаз – зор тұлға! Ұстаз – аяулы, құрметті, ерекше мейірімді жан. Мектеп табалдырығын алғаш аттағанда, қолымызға қалам ұстатқан, алғаш әріп үйреткен адам ол – ұстаз. Ұстаз білім бере отырып, өмірдің қиындықтарына төзу керектігін, мойымау қажеттігін үйрететін жан. Әлемнің сан қилы қыры мен құбылыстарын да мұғалімге қарап танимыз.

Әрбір шәкіртін аялап, өмірге деген көзқарасын қалыптастырады. Әр ұстаз бойындағы жақсы қасиетін шәкіртіне сіңдіреді. Біз ұстаздарымыздың арқасында көп жетістікке жетеміз. Мұғалім де оқушыларының мінез-құлқын, жүріс-тұрысы мен білімін, осал жерлерін түсіне білуі керек. Оқушыларымен тіл табысып, сыр бөлісіп, дос бола алатын жан – нағыз ұстаз.

Әр ұстаз оқушыларының сабағын жақсы оқығанын, тәрбиелі азамат пен азаматша болып өсуін, тіпті, болашақта белгілі тұлға болып шығуын ойлайды. Үйірмелерге, спортқа қатысқанымызды қалайды. Жан-жақты дамығанымызды үгіттейді. Ұстаздың әрбір айтқан үлгі-өнегесі, ақыл-кеңесі жадымызда жатталып қалады.

Біз ұстаздарымыздың арқасында, олардың берген білімінің арқасында болашақта үлкен қызметкер болып, мемлекеттің дамуына үлес қоспақпыз. Ал әр ұстаз әрбір шәкіртінің жетістігіне өзі жетістікке жеткендей қуанады. Өйткені бұл – ұстаздың көп жылдық еңбегінің жемісі. Сондықтан да шәкірттер де ұстаздарын құрметтей білуі керек. 

Қ. Слямбек