Тәңір текті түрік жұртының заңды мұрагері осынау дархан мінезді, көкжал рухты қазақ халқы – түркі қара шаңырағының иесі. Атажұрттың абыройын асқақтатқан қазақ қауымы тек қара шаңырақ – жердің еншісі иесі ғана емес, айбынды тілінің де аманатын алушысы.
Түбі бір түркі ұрпақтарының барлығы қазақ тілін ең бұғауы бұзылмаған, көнелігін, көркемдігін көзінің қарашығындай сақтай білген ең таза, адуынды, аталы тіл деп баға береді, көне түркінің қаймағы бұзылмаған бай тіл екенін толық мойындайды. «Қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең таза әрі бай тілге жатады», – дейді ориенталист ғалым П. М.Мелиоранский. Ал шығыстанушы, фольклортанушы В.В. Радлов: «Қазақ тілі – исламның бүлдіргіштік әсеріне ұшырамай түпкі таза түрік-түркі сипатын сақтап қалған тіл», – дейді қазақ тілінің «тазалығы мен табиғилығына, образдылығына» тұщынып. Бұл шығыстанушы батыс ғалымдарының мойындау-тамсануы, жазып-жалғауы бір төбе болса, түркітанушы, өз халқымыздан шыққан қайраткерлеріміздің айтқандары – бір төбе. Татар ғалымы А. Саади: «Қазіргі ең таза, ең бай, ең табиғи және бұзылмай, бұрынғы қалпында сақталып қалған бір тіл болса, ол қазақ тілі және қазақ әдебиеті, шын ғылым үшін біз мұны ашық айтуымыз керек». Ал Мағжан Жұмабаев: «Түрік тілімен сөйлейміз деген түрік балалары күндерде бір күн айналып қазақ тіліне келмекші, қазақ тілін қолданбақшы» («Педагогика» еңбегінде), – дейді.
Басқа халықтарға қарағанда қазақ өз тілін «ана тіл» деп атайды. Неге? Себебі тіл – ананың иіген қасиетті сүті арқылы бой-болмысыңа, түйсік-танымыңа тарайтын құбылыс. Тек ананың сүті арқылы ғана емес, ананың нәзік назды дауысы арқылы да бойыңа бітетін құбылыс. Бесікте бейімсіз жатқаныңда анаң қоңыр назды дауысымен бесік жырын жырлайды, өмірге деген құлшыныш құштарың құбылып жатқанда анаңның бесік жырын айтқан тілін де санаңа еш қарсылық-шүбәсіз қабылдап, санасыз түрде болмысыңа сіңдіріп жатасың. Бесік жыры арқылы, анаңның әнтек әлдиі арқылы санаңа сыналап сіңген туған ана тілің мәңгі өміріңнің өлшеусіз қазынасы мен жүріп өтетін даңғылыңа айналады. Нағыз тілдің қуаты осындай құбылыстар арқылы құбылаңды айқындап, құлақ күмбіріңді қалыптастырады. Ешқашан өз табиғатыңнан толық ажырап, өз үйір-тобыңнан тағдырыңды үзіп кете алмайсың.
Сан ғасырлық сүрлеу тарихы мен сындарлы жолы бар туған тіліміз бүгінгі заманның үлкен жемісі, өткеннен өзеуреп жеткен өкілі. Бұл ұлы – Абай мен мәрт Мұқтардың, бағлан Абылай мен батыр Қабанбайдың, ақиық Мұқағали мен бард Бұқардың тілі. Түптеп келгенде, бұл тіл – Әл-Фараби мен Асанның Қайғының тілі. Ұлы тұлғасы бар тіл де ұлы болмақ. Ұлы халқы, текті ұлты бар тіл қашан да ұлы. Себебі тек тіні бар ұлт қашан да болмысы болып табылатын құндылықтарын қызғыштай қорғайды. Құндақтап құндылығын келешекке табыстайды. Бұл «мәңгілік» деген ұлы дала заңдарының бірі.
Сан ғасырлық тарихы мен талайы соқпағы бар тіл деп айтамыз қазақ тілін? Ал осынау тарих талайында қаншама тұрпайы сынақтар мен сықақтардан өткен, өткелсіз өткелдерден өткен туған тіліміз қаншама қасірет пен қиындық атаулыны бастан кешті. Екі мың жылдық тарихы бар бұл тіл талай соқпақтың сұрқы мен тарихтың тұрпын артқа тастады. Біздің тіліміз өз тарихында жеті рет жат жұрттық тілдің жәбіріне ұшыраған. Ұшыраса да, еш ұмыт болмай бүгінгі заманға жетті. Біздің заманымызға жетті. Алайда бұл әлемдік бейбіт заманда да өз бейбіт күнін кеше алмады. Бүгінгі заманда да бұл тіліміздің бұлайы бұлыңғырт болып тұр. Бұл жолы құқайды өзгеден емес өз жұртынан көріп отырғандай...
«Ана тілім күмберле сарайымда!»... тілің күмбірлемек сарай әр ұлттық көкірегінде, кеудесінде. Ана тілің әр тұлғаның тұла бойында – сарайында кемелденуі қажет. Қазақ – тілге, сөзге ұста халық, сөзді мүлт айтып көрмеген халық. Сондықтан кезінде әр қазақтың көкірегі ана тілім деп сайрайтын, ана тілімен сомдалған көкірек сарайы ана тілінің бар байлығымен белшесінен кенелген, барын азық қылған. Әр қазақ сөздің асылын ұғып, арын тани білген. Демек, әр қазақтың көкірек сарайында ана тілі күмбірлеп тұрған.
Ал бүгінде солай ма?.. Әр қазақтың түйсігі ана тілім деп тебіренеді ме? Алпыс алты қан тамыры иійді ме?.. Бұл сұрақ-толғам әр қазақтың кеудесінде деп ойлаймын. Қайсар қазақтың қам ұрпағы соншалықты ұсақталып кетті демеймін. Тек қашан да өз тегін дәлелдейді. Қазақ та әлі өз тегін танытады. Тілдің түренін табып, түбін түптей білген, жүрегіне бекіте білген қазақтың ұрпағы да тілінің тамырын түптеп, өз көкірегіне кіргізе алады деп сенемін...
Қазақтың көкірегіндегі күмбірлеген кемел тілі көл-көсір өнер болып өрілген: қара өлең болып есілген, шешендік болып ширыққан, жырау болып күңіренген, жыр болып толғанған, ән болып төгілген... Қазақ өнерінің бастауы – тіл, қызыл тіл. Қазақ өнерінің алды да, бастауы да – тілі. Тіл – ұлттық ғана емес, бүкіл әлемнің ең биік құндылығы.
Ұлтты қорғайтын да, кемелдендіретін де – тіл. Сондықтан да тіл – қастерлі де қасиетті құбылыс. Тіл – ұлттың жаны. «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» (Б.Момышұлы). Тіл мен тарих – егіз ұғым. Тіл мен тарихы түгендеулі ұлттың қашан да болашағы айқын. «Тіл жоқ жерде - ұлт жоқ» (Ш.Айтматов). Дүние заңдылықтарының ішіндегі ең заңы қатал үкім де осы!
Ұлттың «үш бақыты» мен «төрт анасы» құбылыстары мен ұғымдарының түп атасы – тіл. Халқымыздың әлемдік шедеврлерді өзінің қызық тіл өнері арқылы жасаған. Әлемдік үздік эпостар мен далалық сарынды қалыптастырған да – тіл еді. Ұлы құндылықтардың бастауы – тіл.