Шәкірт сөзі

Шәкірт сөзі
Фото: BilimLand

Ең алғаш мектепке келгенімізде Пернегүл апайымыз қазақ әліпбиінде қырық екі әріптің бар екенін, оның тоғызы қазақ халқының өзіне ғана тиесілі төл әріптері екенін үйретті. Әріптерден сөз құрастырып, «ата-ана», «дос», «туған жер», «Отан» сынды сөздердің мағынасына терең үңілсек те, есейе келе «ұстаз» деген сөздің қадір-қасиетін саналы түрде енді ғана ұғынғандаймыз.

Ұстаз! Осы бір қысқа ғана сөздің аясында мағынасы терең қасиетті ұғым жатыр. Ғалым, ұстаз Алма Қыраубаева: «Ұстаз қызметінің мақсаты – өз пәнін жақсы үйретуден гөрі тереңіректе: Ол – адамды жасаушы адам», - деп жоғары баға берген болатын. Шынымен, біздердің білім жолындағы бүгінгі жетістіктеріміз ардақты ұстаздарымыздың арқасы деп білемін. Оқушының кісілік қасиетін дамытып, шығармашылық қабілеті мен дүниетанымын кеңейтуде ұстаз еңбегі өте жоғары. Әсіресе, бастауыш сыныпта алған білімің - өмірлік азығың. Оқушының бойына терең білім мен қатар тәрбиелілік, сенімділік пен төзімділік, қайсарлық пен мейірімділік сынды қасиеттерді сіңірген алғашқы ұстазыңның еңбегі өлшеусіз. Ол сенің екінші анаң секілді: сен бір сөзді дұрыс жазып, әдемі сөйлем құрасаң сол үшін мәз болып, сенің әр жетістігіңе сенімен бірге қуанып, сенің жеңілістеріңде сенімен бірге налитын ардақты жан. Пернегүл апаймыз қашанда жаңа белестерге ұмтылып, біздің әр бастамамызға демеу беріп келетін. Бастауыш сыныптар арасында өтетін әр сайыста біздің сынып үнемі бас жүлдеге ие болатын десем артық айтқандық емес. Шәкірттерінің бойына ұлттық құндылықтар мен адамгершілік қасиеттер дарыта білген өнегесі бен тәлімі үшін әр ата-ана өз баласын Пернегүл Оспанқызының жетекшілігіне беруге тырысатын. Пернегүл апайымыздың басшылығымен біздің сынып мектеп бойынша ең алғаш рет «Кішкентай ару» байқауын өткізген едік. Мектеп қабырғасында апайдың бастамасымен талай іс-шараның белсенді ұйымдастырушылары да болғанбыз. Бұл балалық шағымыздың ең бір сәулелері кезеңдері деп ерекше ілтипатпен еске аламыз.

Шәкірт пен ұстаз арасындағы қарым-қатынас адамгершілікке құралады. Мұғалім тергеуші емес, үйретуші. Нағыз мұғалімнің түпкі мұраты – өз білгенін өзгеге үйрету, өз уақытын аямау, өзгенің жанын түсіну. «Әр бала табиғаттың берген сыйы. Оның бойындағы талантты ашу – ұстаз міндеті»,-деген еді Алма Қыраубаева. Адамның адам болып қалыптасуында, оң солын тануында, бойындағы талантының ашылуында мұғалім еңбегі өлшеусіз. Талай шәкірттің санасын нұрландырып, тәлімгерлік тәрбиесімен бірге аналық махаббатын ұштастыра білген Пернегүл Оспанқызы шәкіртінің даңғыл жол табуына зор септігін тигізді. Кешегі бала арманымның орындалуы аяулы ұстаздарымның арқасы және де сол үшін сіздерге өмір бойы қарыздар екенімді айтып, зор ықыласпен алғыс білдіремін. Осы орайда қазақ әдебиетін қызықтырып, тереңдетіп оқытуда бар күш-жігерін аянбай, менің «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын таңдауыма зор септігін тигізген ұстазым Марал Омарқызына ерекше алғысымды айтамын. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы», - деп дана халқымыз айтқандай, Пернегүл Оспанқызы, Раушан Әлжанқызы, Бисетай Тәнекеұлы, Айсұлу Қалмаханқызы, Гүлмира Аманбайқызы, Гүлнәр Бисембайқызы, Бақыт Сәлімқызы, Айгүл Жұлқымбайқызы т.б. сіздердей №9 орта мектебінің білікті ұстаз алдын көрген ұрпақ, біздер бақыттымыз.

«Шынайы ұстаз – білімнің кәусарына қандырған оқытушы, ақыл-ойыңды байытқан ғұлама, азаматтық тұлғаңды қалыптастырған тәлімгер. Ол шәкіртіне талғам дарытады, танымын қалыптастырады, дүниені танытады, өмірлік жолын айқындайды. Бір сөзбен айтқанда, ұстаз – бар асыл қасиетті бойына дарытқан бүтін бітім», - деп З.Қабдолов айтқандай мен де өзім білім алған №9 орта мектептің аяулы ұстаздарына, бүгінде сол мектептің басшылығында отырған Роза Жүнісханқызына жас ұрпақ тәрбиелеуде сіңірген көп жылдық еңбектері үшін рақметімді айтамын.

Шәкірт сөз: «ұстазыма мың алғыс» деп басталады,

Алғанда асуларды асқаралы

Дамыған Қазақстандай мемлекетті

Шәкіртің сенің ұстаз басқарады, - деп Раушан апаймыз айтпақшы, біз де кешегі түлек – бүгінгі маман иесі көк зеңгір аспанымызда қасиетті көк байрақ туымызды жоғары ұстаймыз, ел ертеңін ойлайтын азамат боламыз деп сенім білдіремін.

Әл-Фараби атындағы Қазақ
ұлттық университетінің магистрі
Нұрмұхан Әсем

О. Сансызбай