- Негізгі бет
- Шығарма
- Сексеуіл қашып барады...
Сексеуіл қашып барады адамдардан!
11 сынып оқушысы Қапаш Гауһардың редакция поштасына жолдаған шығармасын ұсынамыз.
Бүгін әжем ұйқыдан ерте оянды. Далада бір дыбыс естіліп, Қызылқұмның топырағы күңіренгендей көрінді. Әжем ішінен: «Апырай, топырақ та сексеуілді аңсайды екен-ау»,- деп күбірледі. Мен таңырқап: «Әже, топырақ күңірене ме?»,- дегенімде, әжем: «Жарығым-ай, мына құдіреті күшті әлем барлығын да күңірентпей қоймасы анық»,-деді. Мен көп ойланып, айналама қарап, ұзақ отырдым. Қарап отырсам, қызыл топырақ бізге төніп келе жатқандай. Мені толғандырып отырғаны – сексеуілдің қайда кетіп жатқаны. Содан сексеуілдің қалай құрып жатқанын сұрамақ боп, әжеме қарай беттедім. Әжем де үнсіз отыр, кейде күбірлеп, өз-өзіне сөйлеп қояды.
- Әже, сонда сексеуіл қайда кетіп жатыр, сексеуіл жойылса біздің, һәм мына қара халықтың халі не болмақ? – дедім.
Әжем:
- Балам-ай, сексеуілдің азайғаны – адамдардың жауыздығы да сірә! Бақылау мен жанашырлықтың жоқтығынан және есепсіз пайдаланудан Қызылқұм алқабында сексеуілден басқа да, жүзген жыңғыл секілді бұта мен өсімдіктер сиреп барады, қарағым! Жеке басының қамын күйттеген халық қыстық отыны ретінде алып, суықта жағады емес пе? Қазір пейіл де, қанағат та жоқ. Сары даланың адырнасы тас-талқан болды. Егер Қызылқұмның жауһарларын жаппай құртатын болсақ, табиғат–Ананың көзіне аямай құм сепкеніміз. Осыдан жиырма-отыз жыл бұрын қарасаң көз тоймайтын Қызылқұмда қазір ешкім де аяқ басып жүргісі келмейді. Коммунистік кезеңде мұндай алқаптарды жаппай қорғауға алғызатын, қазір қорғауға алмақ түгілі, ешкім ойлап та жүрген жоқ секілді. Мен өзімді ойлап отырғаным емес, сендерді ойласам, жүрегім қан жылайды. Ата-бабамыз аманат етіп қалдырған жерлерде ендігі күнде өмір сүре алар ма екенсіңдер, мирастан мақұрым қалған боздақтарым-ай?! Таяу болашақта бұл өңірде алапат құм көшкіні болатынын білсе де, небір өлермендер қояр емес. Туған жеріміздің соры әбден қайнады. Міне, сексеуіл адамдардан безінді деген осы, балам», – деп қынжылып сөзін аяқтады.
Қазақ жастары, ата-бабамыздан аманат болып қалған жерлерді неліктен аяусыз қорлаймыз?! "Аманатқа қиянат жасаған" деген осы емес пе? Ойланайық, жастар, өзгеге де ой салайық! Жастарымыздың білімділігі тек кітапты парақтау емес! Еліне деген жанашырлық тұрғысынан да ой жарыстыру қажет. Міне, білімділік деген – сол!
Қапаш Гауһар,
Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы жалпы орта мектебінің 11 «а» сынып оқушысы
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Шардара ауданы
Сурет: kazakhstan.travel
Редакциядан: "Шығарма" айдары қарымды, дарынды оқушылардың қаламын ұштап, түрлі тақырыпта жазылған шығармаларды ел назарына ұсынатын болады. Сондай-ақ ұстаздарымыздың да шығармашылығы назардан тыс қалмауы тиіс. Олай болса, кез келген тақырыптағы шығармаңызды massaget.kz@gmail.com поштасына сіз де жолдаңыз!
Р. Роза