Әдемі жазудың 30 ережесі жазылған мақаламен таныс боларсыздар. Енді сауатты, сапалы жазба жазуда тағы бірер кеңесімізді қаперлеріңізге түйе жүріңіздер.
Көп қолданылмайтын көнерген сөздерді қолданарда не өзіңіз жаңа сөз жасап жазарда сақ болыңыз, сөздіктерден, кітаптардан қарап дұрыс-бұрыстығына көз жеткізіңіз. Сіз қазақ әдебиетінің бір кірпішін қалаушысыз. Ертең сізді біреу оқып, сол сөзді ол да қолдануы мүмкін екенін естен шығармай, әдебиет алдындағы жауапкершілігіңізді сезініңіз.
Ілік, табыс септіктеріндегі сөздерді пайдаланғанда жалғауларын жасырын қалдыруға талпыныңыз. Бірақ оқырманға түсініксіз болып қалмау жағын да назардан тыс қалдырмаңыз. Мысалы, «Саған тайды сыйлаймын» емес, «тай сыйлаймын» десеңіз, әрі тілге жеңіл, әрі әдемі оқылады. «Ұрлықтың түбі – қорлық» емес, «Ұрлық түбі – қорлық».
Есімдіктер жазылуына мән беріңіз. Еш, әр, кей, қайсы, бір, әлде есімдіктері зат есіммен және сын есіммен келгенде, бөлек жазылады. Мысалы, әр түрлі, бір жақты, кей кісілер, еш пайда жоқ. Ал басқа жағдайда бірге жазылады: ешқашан, әркім, қайсыбір, әрқалай.
Сөйлемді тым қазақиландырамын деп, термин сөздерді аударып көп әлек болмаған абзал. Оқырманға түсініксіз болып қалғаннан басқа «пайда» әкелмейді.
Тыныс белгілерінен кейін міндетті түрде бос орын қалдыруды ұмытпаңыз. «Аз сөз–алтын,көп сөз–көмір.Бақытты өмір». Сөз арасы тығыз, әдемі болып тұрған жоқ, келісесіз ғой?
Бір сөйлемде қолданар екі сөзіңіз бір түбірден жасалған болса, синоним ойлап табуға тырысыңыз. Мәселен, «Сын есімнен құралған құрамдас сөздердің құрылысын ауыстыруға тура келеді» деген сөйлем орнына «Сын есімнен жасалған құрамдас сөздердің негізін ауыстыруға» деген секілді мағынасына қарай өзгертіп пайдаланған жөн.
Бірыңғай сөздерді қолданғанда мұқият болыңыз. Бірі жекеше түрде, бірі көпше түрде, бірі сыпайы түрде тұрмасын. Мысал үшін, бір сөйлемде «кең балаққа, жалпы етегіңізге, көлденең сөзіңе» деген тіркес жазсаңыз, салғырттығыңыз бетке салық болады.
Тұрақты сөз тіркестерін қолданарда абай болыңыз. Кітаптан оқып, есіңізде қалған сөз анық сіз ойлағандай мағына білдіреді ме, жоқ па – осыған көз жеткізіңіз. Бұл кезде де сізге фразеологизмдер сөздігі көмекке келеді.