"Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі"
Ыбырай Алтынсарин
Адамзат баласы жер бетіне жаралғаннан бастап ілім іздеп, оқумен қатар, жер-жаһанның құпиясын ашып көрсетпек. Осы тұрғыда еңбегі өлшеусіз, өз баласынан артық көріп, қамқор бола білетін жан ол – ұстаз. Өз бойындағы жақсы қасиеттерді, алған білімін шәкіртінің бойына дарытып, аянбай еңбек ететін жандар. Таңнан қара кешке дейін барлық өмірін бала тәрбиесіне арнап, сапалы білім берумен қатар, өмірге дұрыс бағыт-бағдар бере білетін жан. Дүниеде көптеген мамандық иесі бар десек, солардың ең қиыны ұрпақ тәрбиесіне тікелей қатысты, сол ұрпақтың ертең қандай адам болып өсуіне ұстаздың тікелей қатысы бар. Осы орайда мұндай іс-әрекеттің жиынтығына ғылым тілінде мынадай анықтама берген: "Педагогикалық қызмет – педагогикалық процесте тәрбиеленуші тұлғасын тәрбиелеудің, дамытудың, оның өзінше дамуының оңтайлы жағдайларын тудыруға және өзін еркін шығармашылықта көрсетудің мүмкіндіктерін таңдауға бағытталған кәсіби қызмет". Тәрбие ісі – мемлекеттік іс. Халық даналығына сүйенсек, "сүтпен біткен мінез сүйекпен кетеді" дейді. Яғни, тәрбие ата-ана тарапынан да беріледі, бірақ педагогикалық қызметтің маңызы мен ерекшелігі – тәрбиемен қатар, сапалы білімнің берілуінде.
Абай атамыз айтқандай: "Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан" демекші, мен де ертеңгі күні жиырма бірінші ғасырға лайықты тәрбиелі, білімді де білікті шәкірт дайындап, ұлағатты ұстаз атанып, дүниенің бір кірпіші болып қаланғым келеді.
Қуаныш Жағалбаева,
Абай атындағы ҚазҰПУ, 3 курс студенті
Сурет: strategy2050.kz