- Негізгі бет
- Шығарма
- Ойымызды өсіреміз деп,...
Ойымызды өсіреміз деп, бойымыз өспей қалатын болды
Алматы қаласы, Б.Атыханұлы атындағы №36 гимназияның "Жас қаламгер" үйірмесі Массагет порталындағы жаңа айдардың шымылдығын ашқалы тұр. Олай дейтін себебіміз, дәл осы үйірме бірінші болып оқушылар қаламынан туған шығармаларын редакциямызға жолдапты. Олай болса, Базарқұлова Дананың "Ойымызды өсіреміз деп, бойымыз өспей қалатын болды" атты шығармасын назарларыңызға ұсынамыз!
Қазіргі қай жерде болмасын білімді жан-жақты дамытып, жоғарылату керек деп жатады. Ал, білімнің мектептен басталатынын ескерсек, мәселе оқулыққа келіп тіреледі. Қазіргі біздің оқып жүрген оқулықтарымыздың ішінде негізгі оқулықтармен қоса, әр түрлі хрестоматия, қосымша кітап, есеп жинақтары кітаптары, карта дейсің бе, бәрі бар. Соның бәрін күн сайын көтеріп, оқып жүру керек. Олар сөмкенің шарасынан шығып, сыймай жатады. Тіпті кейде оқу жылының басында сатып алған сөмке жылдың аяғына дейін «аман-есен» жетпейді де.
Мысалы, бізде бір күнде 6-7 сабақтан болады. Бір сабақтың өзінде 2-3 кітаптан. Сонда 6-7 сабақ болатын күні сөмкеде қанша кітап болатынын ойлай беріңіз. Мысалы: тарих, география сабағында бір қалың кітап, үш дәптер (термин, хронология, жазба дәптер), сызба картасы. Кейде басқа баспаның шығарған кітабын да көтеріп келуге тура келетін кездер болады. Ондай кездерде сөмкемізді сүйреп келуге шақ қаламыз. Сондай ауыр сөмкелерді көтеріп жүретіндіктен, енді ғана өсіп келе жатқан біз секілді жас өскіндердің сүйектері өспей қалуы да мүмкін ғой. Ал сүйрейтін дөңгелекті сөмкелердің дөңгелектері де ондай ауырды көтеруге жарамсыз болады кейде. Сондықтан, арқамызға асып жүруге тура келеді.
Жарайды, кітап көп делік. Бірақ солардың барлығын оқуға бізде уақыт жеткілікті ме? Үйге үй тапсырамын үйіп беретін кездері, тіпті де жылаудың аз-ақ алдында қаламыз. Үлгермейміз. Бір сабақты оқып үлгермесең, сол пән мұғалімі: «Басқасын оқып, неге менікін оқымайсың? Басқа сабақпен қоса менікін де орында! Жаз дедім бе, жаз! Жатта дедім бе, жатта! Ертең осы үй тапсырамасына мынаны да қосып сұраймын!» - деп, одан да көп тапсырма қосып береді. Түні бойы сабақ қараймыз деп, ертесі ұйқымыз қанбаған күйде сабаққа келеміз. Сосын ұйқылы-ояу күйде жүріп, сол күнгі сабақтарды аса түсінбейміз де. Сөйтіп, 6 күнің солай өтеді де кетеді. Осылайша, қорқып, үлгермей, жанталасып жүріп оқушылар білім үшін емес, ұрыс естімеу және баға үшін оқып кетеді.
Ал жаңа технология бойынша ағылшындарда смартфон, планшетпен оқиды дейді. Оған тіпті де келіспеймін! Ондай заманауи құралдар біріншіден, қымбат. Әр отбасында бірнеше баланың мектепке баратынын ескерсек, кез келген ата-ананың қалтасы көтере бермейді. Екіншіден, ауыр көтеретініміз аздай, енді сол бір құрылғыларға тесіліп қараймыз деп, көзді де құртуымыз мүмкін. Сабақ үстінде планшеттеріне, телефондарына тесіліп қарап, ғаламторда ойы ойнап, не әлеуметтік желілерде отыратын оқушылар да жеткілікті.
Сонымен айтпағым, меніңше, «саны көп, сапасы жоқ» болғанша, әр пәннен барлығын қамтитын бір оқулық, бір жұмыс дәптері болса жеткілікті. Оқитын бала оқиды. Оқымайтын баланы кітаптардың ортасына отырғызып қойсаң да, күні-түні ұрыссаң да оқымайды. Ойымызды өсіреміз деп, бойымыз өспей қалатын болды...
Базарқұлова Дана,
Алматы қаласы, Б. Атыханұлы атындағы №36 гимназия
7 «ә» сынып оқушысы
«Жас қаламгер» үйірме мүшесі
Сурет: mytoy.com.ua
Р. Роза