Ол – шексіз, ол – түсініксіз, ол не?

Ол – шексіз! Ол – түсініксіз! Ол өзгеше! Ол өлтіреді!

Ол  көңілге  күй, жүрекке жыр береді. Талай  жанның  жан  жарасына айналған, талайлардың  табылмас  тамшысына  арналған, сөзбен  де,  қылқаламмен де  суреттеп  бітпейтін  бір әңгіме – махаббат. Жалпы адамзат мына дүниеге келгеніне өкінбейді. Өмірге келген әр пенде қуаныш пен қайғыны басынан өткеретіні заңдылық. Мұң арқалаған минуттар, сағынышқа толы сағаттар, күндер, айлы түндер бәрі-бәрі жүректің нәзік дүниесін дірілдетеді. Иә, сізде мұның бәрін бастан кешіріп көрген боларсыз. Тылсым дүниенің  кереметі  өзінше  бір  төбе ғой. Кейде жаныңды  қоярға  жер таппай, қимылсыз, сөзсіз  құдды бір  мүсінге  қарағандай  жүрек  қалаған  жанды  көруге  асығатынымыз  жалған  дүние  емес-ті. Махаббаттың  машақаты   жетерлік, бірақ  бірге  болсаңыз  сіз яки  сіздер  алмайтын  қамал жоқ.

Қазақ  әдебиеті тарихына тереңнен  бойласақ, ғашықтықтан  көзсоқырлыққа  дейін  барып, басын  өлімге  тігіп, «сіздің   алдыңызда  дәрменсізбін, сізді  сүюге  хақым  жоқ, мені  кешіргейсіз» деген  жүрек қылыңды  тербетер  жылы  сөздер лебін  оқып отырып, соншалықты  қиын  сезім бе екен  деген  арам  ойға  да  шомыласыз. Талай ақынның таптырмас музасына айналған, жазушының жалғандағы  кезікпес  кейіпкеріне  баланған сүйкімділер мен қылықтылар, ханзадалар мен ханшайымдар жетерлік.

Ойланып  қарар болсақ, миллиондардың  ішінен  өздегеніңді  табу  ол – ерлік. Ол – ұлы жеңіс. Ол – болашаққа  деген сенім. Сіздің  мініңіз бен сыныңызды  біле  тұра  сізді  сол кейіпте  еш  өзгеріссіз, кемшіліктеріңізге көз  жұма қабылдауы ол – үлкен бақыт. Сенімнен  құралған  махаббаттың  нәтижесі шаңырағы  биік, керегесі  кең, балалы  үй  десек  артық айтпағандығымыз  болар. Сіздің  отбасыңыз сіздің  айнаңыз. Отбасына  қарап, шынайы  махаббатты, сенімді, кешірімді, иманы мен берекесін  біле аламыз. Айтылар  сөздің, толыққанды  толғанар  ойдың  соңы  бұл емес. Жоғарыда аталғандай, махаббат  маздаған  машақат алауы. Оның  әлі  талай жыл, талай ғасыр  жырланарына  кәміл  сенім артамыз. Замандар да, заңдар да  бәрі  өзгерер  бірақ  сезім  өзгермейтін  аксиома іспеттес. Дәлелдеуді  қажет ететін, өзіндік  теорияларыңыз бен терминдеріңізден  құралған  теңдесіз  сезімдеріңізді  от  түсірмей, су  бүркімей  бағаланып, баяндап  жүре бергейсіздер. Мына  әлемді  жауыздық пен  жалғандықтан құтқаратын алапат сезімнің  тағы  да-махаббат екендігін ескергейсіздер!