Оқушылардың биік өкшелі аяқ киім кигені дұрыс па?

Құрметті оқырман! Біз назарларыңызға редакция поштасына келіп түскен тағы бір оқушы шығармасын ұсынып отырмыз. Бұл шығармада 7 сынып оқушысы өз ойын батыл айтып, замандастарын қарапайымдылыққа шақырған. Сіз не ойлайсыз? 

***

Мен бүгін мектеп формасының үлгісі мен ыңғайлылығы жайлы сөз қозғағым келіп отыр. Кейбір оқушылардың мектеп формасына көңілдері толмайды. Шынымды айтайын, мектеп формасын қатты ұнататын оқушыны өз басым көрмеппін де, кездестірмеппін де.  Менің ойымша мектеп формасы сәл ыңғайсыз әрі тым қатал. Мектеп формасы оқушылардың ешкімнен ерекшеленбей, бәрі бірдей болып жүруі үшін ойластырылғаны дұрыс әрине. Алайда, ол форма барлық оқушыға бірдей жарасып, не ыңғайлы бола бермейді. Ал, ыңғайлысын тапсаң, ол мектептегі басқа оқушылардың формасынан ерекшеленіп тұрады. Сондықтан, кие алмайсың.

Және бір айтпағым: кейбір  сыныптың қыздары тым биік өкшелі аяқ киім киіп алады. Ол дұрыс емес. Біріншіден, мектепте қаншама оқушылар бар. Қоңырау кезінде арлы-берлі жүргенде, баспалдақтан түскенде біреу-міреу қағып кетсе, аяғын ауыртып алуы мүмкін. Тіпті аяқтарын ауыртып, бірнеше күн сабаққа келе алмай, қанша тақырыпты жіберіп алған оқушылар да көп болды. Екіншіден, жарасса да, жараспаса да биік өкшелі аяқ киім киіп алып, не онымен жөнді жүре алмайды. Сондықтан, оқушы қыздардың биік өкшелі аяқ киім кигендерін мүлдем құптамаймын. Иә, жасырмаймын. Мен де биік өкшелі аяқ киімдерді ұнатамын. Бірақ мектепте кимеймін. Бірақ сол биік аяқ киімдерді мектеп формасымен кию аса әдемі көрінбейді де.

Үлкен сыныпты қойшы, кіп-кішкентай бастауыш сыныптарды айтсаңшы! Шіркін, сол бастауыштың қыздардың орнында мен болсам ғой! Оқушыға сай: аппақ бантикті екі жағыма буып, аяғыма әп-әдемі жайпақ аяқ киім киіп алушы едім.

Сондай биік өкшелі аяқ киімді қыздарды көрсем, жаным ашып кетеді. Тізесі бүгіліп, кәрі апалар секілді жүре алмай, жандары қиналып әрең жүреді. Сол аяқ киімді кисе де, денесін тік ұстап кисе бір сәрі. Бірақ қалай айтсақ та, бізге оның еш пайдасы жоқ. Тіптен пайдасынан зияны көп. Өз басым жөн көрмейді.

Мектеп оқушысы әп-әдемі аппақ жейде, кофта мен шалбар, белдемшемен аяғына үлкен әпкелер сияқты биік өкшелі аяқ киім кию... Жоқ! Олай болмайды. Ондай аяқ киімдер жаңадан өсіп келе жатқан біздей жас қыздардың аяғымыздың саулығына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан, біз, мектеп оқушылары өзімізге сай, жарасымды әп-әдемі көктем, күз, қыс мезгілдеріне лайықты аяқ киімдерді киюді ұсынар едім. Бұл тек менің ойым, әрине.

Медетқызы Мақпал,

Б.Атыханұлы атындағы №36 гимназия

7 «ә» сынып оқушысы

«Жас қаламгер» үйірме мүшесі

Алматы қаласы

Сурет: vk.com

Редакциядан: "Шығарма" айдары қарымды, дарынды оқушылардың қаламын ұштап, түрлі тақырыпта жазылған шығармаларды ел назарына ұсынатын болады. Олай болса, кез келген тақырыптағы шығармаңызды massaget.kz@gmail.com поштасына сіз де жолдаңыз!