Нұрбол Хасенов: Өлең жазам ұйқы көрмей түнде мен

Нұрбол Хасенов: Өлең жазам ұйқы көрмей түнде мен

Нұрбол Хасенов 2000 жылы, ақпан айының тоғызыншы жұлдызында Ақтөбе облысы, Алға қаласында дүниеге келген. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласындағы Мұхтар Арын атындағы Қарғалы қазақ орта мектебінің 8 сынып оқушысы. Өлеңнің өлкесіне қадам басқан Нұрбол қиялын ұштап, ойын салмақтап, тіл көркемдігін жетілдіріп келеді. Қалалық, облыстық жыр мүшәйраларында бірнеше дүркін бас жүлденің иегері атанды. Жас ақынның жүректен шыққан жырларын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.                                                        

Сабаққа деген толғаныс...

Жүргенменен сабақта қабақ райлы,
Класс үшін кітапқа қарау қайғы.
Өзіме де ұнамайтын тақырып бұл,
Өлең жазып көрейін сабақ жайлы.

Білім міндет еріншек салаққа да,
Кей күндерде қаламыз сараптала.
Сөмкемізді көтеріп амалсыздан,
Барып келіп жүрміз ғой сабаққа да.

Кіл бұзықты кей ұстаз балар қумен,
Жұмысымыз қыздарды алартумен.
Сабақ үсті мәз-мейрам боп отырамыз,
Апайдың қара шашын ағартумен.

Сыныбымыз тізгіндеуде ілгерлікті,
Есепке жоқ болғанмен тілге мықты.
Апай екі қоям десе сол қыздардың,
Сөмкесіне тығамыз күнделікті.

Сабақ соңы достармен қоштасамыз,
Ойнап жүріп кей кезде от басамыз.
Бақылау болад(ы) десе қиын пәннен,
Төбелескен қыздармен достасамыз.

Парақ бетін әлсін-әлсін барласамда,
Тіпті оқымай қатардан қалмасамда.
Жақсы емес екенін біліп тұрып,
Сабақтан да қашамын анда-санда.

Бес алсақ күйге енеміз қыранбыз деп,
Санада сабақ бұрын тұрар қыз көп.
Ең болмаса оқиық болашақта,
Осы күнді сағынатын шығармыз деп.

Шабыт

Қараңғы емес сен айтқандай түн деген,
Жазуда оңай емес сірә тыңды өлең.
Шақырусыз келе қалса жыр шабыт,
Өлең жазам ұйқы көрмей түнде мен.

Шабыт - қыран шақырғанға көнбейді,
Ақын жанын құнды өлеңмен тербейді.
Шабыт - сәби сүт ембеген баладай,
Тіпті кейде сұрлы өлеңге шөлдейді.

Шабыт - тұлпар кіл жүйріктің ішінен,
Жазар біреу күтімі жоқ кіші өлең.
Жүз өлеңің болсадағы сен жазған,
Асып түсер шабыт жазған үш өлең.

Шабыт - төре талғам қоймас бітімге,
Шабыт - сенің емген ана сүтің де.
Шабыт деген сұлудың да сұлуы,
Мұқтаж әркез аялаумен күтімге.

Өз жолымды тапсам деймін өнерден,
Жыр жауһарын сіздерге арнап төгем мен.
Ал тындарман пәк нәресте секілді,
Тербелетін ақын жазған өлеңмен.

Қалқаман Саринге

Өлеңмен толғап қазіргілерде аз ар деп,
Өлеңнің лағыл қазынасын да қазам деп.
Басқа тақырып табылмағандай тас түйін,
Қалам тербедім Қалқаманға өлең жазам деп.

Өнеге, үлгі көрсете білдің жастарға,
Тек тең қарадың досқа да, туыс, қастарға.
Жаныңа жылы иман сыйлады Жаббарың,
Қажы жүрегіңмен қамықпай ылғи баста алға.

Шүкірлік етіп атқанына шын азат күн,
Бастамасындай қырандай еркін ғажаптың.
жырлары жалын, от тілді, орақ ауызды,
Қалқаман аға сіз ақынысыз қазақтың.

Салқынға мұз боп алаумен алып ерітілдің,
Қаламға қарай қаршадай кезден желпіндің.
Мүлік дегенің шын мүміндерге түкте емес,
Жаратқаныңа жалғанда иман келтірдің.

Жазасың өлең жастарға мәнді, сәнді ғып,
Айтады бәрі әсерлі, сұлу ән қылып.
Есімін аға жүректерде тұр жаңғырып,
Қалқаман Сарин қазақпен бірге мәңгілік.

Суреттер: altaynews.kz, stihi.ru, vk.com

Ж. Исакаев