Біздің ауыл Қаратаудың етегінде орналасқан. Жүзге тарта түтіні бар «Қыраш» деген ауыл. Ауылымыздағы әр әулеттің тұрған жерлерінің атауы бар. Мен тұратын төбе «Бас жақ» деп аталады. Келесі төбе – «Құтырған төбе», неге олай аталғанын білмеймін. Молданың ауылы, Әжіннің ауылы, Бай ауылы – осылай аталып кете береді. Аттарынан-ақ білініп тұрған сияқты неге олай аталғаны. Біз тұратын бас жақ пен мектебіміздің арасында канал бар. Анам айтпақшы, Алланың бізге берген бағы, үлкен сыйы «Қайнар» бұлағымыз да күндіз-түні сыбдыр қағып ағады. Қыста жай ағады, себебі үлкен тоғанымыз бар, қыстай бұлақтың басын бұрып тоғанға салып су жинайды. Өйткені жазда әр үйге тоған арқылы бау-бақша егуге су жіберіледі. Кейде ойлаймын үлкендердің ұқыпсыздығы ма, бақшаға су алам деп жан-жаққа су кетіп жатады. Көктемде су тасыған кезде арық толып, каналға су жиналып қалады. Арықтан каналдың үстіне су өтетін «труба» бар, ол су «бай ауылына», «әжіннің ауылына», «құтырған төбеге» кетуі тиіс. Сондықтан бізде өткел жоқ, арғы бетке труба арқылы өтеміз. Кейде кіші сыныптың балалары құлап жатады. Анам әрі-бері тиісті адамдарға айтып көріп еді. Одан еш нәтиже шықпады. Былтырғыдай емес, каналдың іші қазылған. «Жас балалар құласа, қиын болады», - деп, анам өкініп жүретін. Бір күні інім екеуі ақылдасып, өткел жасамақшы болды. Бірақ өте қиын, жанында үш труба болатын. Інім сол трубаны ашып көріп еді, еш қозғалмады. Ауыл адамдары «болмайды» деп өте шығады. Анам қалай да соны жасамақшы болды, бірақ қалай жасайды. Білмейді. Інім екеуі әкеме айту үшін ақылдасты. Менің әкем – өте еңбекқор, шыншыл, адамгершілігі мол, бірақ өте қатал жан. Өтірік, өсекке жаны қас. «Сендерге не керегі бар?» - деп айта ма деген қорқыныш сезімі де болды. Әкемнің кішкентай тракторы болатын. Сол трактормен күнде тауға барып шөп әкелетін. Азанда кетіп, кешке келеді. Қатты шаршайды. Ал бүгін өте көңілді болатын. Інім сол сәтті пайдаланып, әкеме еркелей отырып, анам екеуінің ойын жеткізеді. «Әке, биыл каналға өткел жасайықшы, көп адам өтеді», - деді ол. «Сауабы күшті болады», - деп анам да әкемді көндіруге тырысты. Әкем сәл ғана ініме басын бұрып, мақұл дегендей ишара көрсетті. Анам мен інім қуанып қалды. Түстен кейін, таудан ертерек келіп, әкем қолына күрек алып, анам мен інім айтқан каналды көріп келуге кетті. Біраздан кейін қайтып келді. Барып келгенше анам шәй қойып дайындап отырды. Әкем дастарқан басына жайғасқан кезде, анам әкемнен: «қалай болады, өткел жасай аламыз ба?» - деп сұрады. Әкем сәл үнсіз отырды да, «болмайды», - деп жауап берді. Анам тағатсыздана тағы сұрады: «ешқандай мүмкіншілік жоқ па?». Әкем «білмеймін» дегендей иығын қозғады. Бәріміз үнсізбіз, анамның көңілі түсіп кеткен. Інім де қарап отырмай анама: «анашым, сіз "қалай да жасатамын, сендер жасамасаңдар қойыңдар деп айттым" деп келіп едіңіз ғой көпшілікке, дос-дұшпанға таба болатын болдыңыз ғой», - деді. Сол кезде әкем үнсіз орнынан тұрып, сыртқа шығып кетті. Артынша інім де шықты. Қасына еріп кеткен інім бір кезде қуанып келді. Әкемнің канал басына барып, өткел жасауға кірісіп кеткенін айтты. Трактормен інім мен анам қозғай алмаған трубаны еппен, есеппен тартып, каналдың дәл ортасына біріне-бірін жалғастырып қойды. Сонымен кеш те батты. Кешкі аста енді ертеңгі жасалатын жұмысты әкем анам мен ініме түсіндіріп жатты. Қуаныштарында шек жоқ. Осы өткелді жасап жатқанын көрген көршіміз Назгүл апа қандай көмек керек екенін айтты. Әкем: «қиыршақ тас болса, жолды тегістеуге болар еді»,- деді. Назгүл апаның ұлы Серік аға ауыр жүк көлігін айдайтын. Серік ағаға айтып, қиыршақ тасты түсіріп беруге уәде берді. Оны естіген анам мәз-мейрам болып қалды. Таңертең әкем тракторын іске қосып, канал жаққа қарай беттеді. Біз сабағымызға кеттік. Мектептен қайтып келе жатып, өткелдің жасалғанын көріп қуандық. Керемет жасалған. Барлық оқушы бас жаққа, яғни үйлеріне қорықпай, өткел арқылы өтіп жатты. Іштей әкеме деген мақтаныш сезімі тұрды. Менің әкем осындай қайырымды адам. Мен әкемді мақтан тұтамын.
Әйгерім Шынтемірқызы
Сурет: www.aieldery.kz