Жазушы Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім» атты кітабын оқи отырып, мынадай ой түйдім: автор өзінің ұстазы Мұхтар Омарханұлының бейнесін шәкірті, досы, замандасы ретінде толық ашып жазған. Зейнолланың сөз саптаудағы шеберлігі, басқаларға ұқсамайтын дарабоз даралығы, өзгешелігі Әуезовті біз білмейтін қырынан суреттеді. Сонымен қатар шығармадан ұлы жазушы жайлы естімеген қызық оқиғалары мен өмірлік ұстанымдары жайлы хикаяларына қанық болдым. Яғни Әуезов жайлы білмегенімді білдім, көрмегенімді автор сиқырлы сөзбен өрнектеп көз алдыма әкелді. Бұның бәрі де жазушының шеберлігі, шешендігі деп санаймын. Аталған романды жазудағы жазушының мақсаты аз біліп, көп сөйлейтін шешенсымақтардың Әуезовтің көзімен қарамақ тұрмақ, оның маңына да жолай алмайтын жандардың Әуезов жайлы кітап жазғандарына қынжылудан туды. Оның айтуынша, жазғандардың көбі жабыла, жамырай жазған. Көбінікі көбік қана. Саф таза толқын – ой толқыны, сыр толқыны, сезім толқыны тумаған. Зейнолла өзгенікі емес, өзінің Мұхтарын «Менің Әуезовім» деп меншіктеп жазған. Өзінше таныған, оқырманына танытқан.
Сөзімді Зейнолланың өз сөзімен қорытар болсам: «Кітапты сынайтын оқушы ғана болмайды, оқушыны да сынайтын кітап болады». Көркем шығарма адамға өмірді таныта тұра, оның өзін тәрбиелейді. Әдеби шығарма адамның ой-қиялын, сыр-сезімін түгел баурайды, қуантады, сүйіндіреді, жылатады, таңдантады. Менің ойыма ой қосып, күллі жан дүниемді баурап алған осы кітапты барша кітапсүйер қауымға оқуды ұсынамын. Зейнолланың «Әуезові» жайында менің ойым осындай.
Көлбаева Ақмарал Аманбайқызы