- Негізгі бет
- Шығарма
- Мен елімді сүйемін...
Мен елімді сүйемін
« Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деп азалы әндеткен, «Елім-айлап» зарлаған, сонау «Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұламаның азапты теперішін көрген қазақтай қайсар ел қандай зұлматты күндерді бастан кешпеді десеңізші! Соғыстың жанайқайында қасқырша ұлып, арыстанша алысқан боздақтарымыздың қиылған жаны, төгілген қаны егемендігімізге салынған айрықша дара жол еді.
Елі қанбай, ері сусын ішпеген, аттың жалында, түйенің қомында, ат ауыздығымен алысып, ер етегімен күн кешкен аласапыран заманда да қазақ өз атын сақтап қалды. Біреудің көлеңкесінде жүруді көксемеді, біреудің тізесіне бас имеді. Тек азат ел болуды мақсат етті, «Алаш» деп ұрандатқан ата-бабаларымыздың аманатына қиянат етпеді.
Анау қырдан бір азалы үн естіліп, мынау қырдан бір жазалы үн естілген 41дің қаһарына да ұшырамаған қазақтың қанына сіңген батырлығы ұрпақ санасына дарыса өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жаңғырған күн, міне осы күн болар. Шайқаста халқы үшін жанын берген, «Отан үшін отқа түскен» даңқты батырларымыздың арқасында қазақ алғаш рет « Жеңіс» сөзін тілге тиек етті. «Жеңіс» деп алғаш рет ұрандатты.
Махамбет бабамыздың «Мұнар да мұнар, мұнар күн, бұлттан шыққан шұбар күні» артта қалған заманда атойлатып қазақ елі алғаш рет азат ел атанды. Өзге елдің босағасында телмірген тәуелді уақыт өз күшін жойған еді. Қайрат, Ләззат, Сәбирадай рухты жастарымыз «Желтоқсан» оқиғасында жанын берді. Өзіміздің қазақ тұрғанда, өзге елдің адамын билік басына қоюға қарсы болған қаракөздеріміздің шыбын жаны шырқыраған уақытты артқа қалдырып, қазақ өз тәуелсіздігін алып, тәуелсіз ел атанды.
Тәуелсіздігім – азаттығымның аспаны. Тәуелсіздігім – шертілер әлі дастаным. Иә, осынау бір киелі «тәуелсіздік» ұғымының астарында қаншама мән-мағына бар десеңізші!
Алла Тағаланың бізге сыйлаған ең тәтті сыйы – тәуелсіздігіміздің
арқасында, шүкір,ойлаған арманымыз орындалды, көздеген мақсатымызға жете де білдік. Ең бастысы, Қазақстан атты алып мемлекеттің еңсесі биік, керегесі кең, терезесі тең болды.
Еліміздің әрбір азаматы «Қазақстандықпын» деген сөзді ерекше ықыласпен айта білгені ләзім. Себебі, ата-бабамыз армандап кеткен азат күнді Қазақ елі көрді. Біз көрдік. Әлі күнге шейін ешкімнің алдында тізе бүкпестен, Міржақып көксеген « Бостандық таңында» оянып, бейбіт күнде ғұмыр кешіп келеміз.
Осындай тәуелсіз елдің ұланы болғаным үшін де өзімді әлемдегі ең бақытты жан сезінемін. Дәл қазіргі уақытта бізге артылған ең үлкен міндет – оқу ғана. Өнер-білімнің қадір-қасиетіне жетіп, Қазақстанымыздың одан әрі гүлденуіне өз үлесімізді қоссақ, бізге артылған үлкен үміттің ақталғаны десек артық айтқандық емес.
«Ауылдың гүлденуі – Қазақстанымыздың гүлденуі» деп Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз жолдауында келтіріп өткендей, ауылдан шыққан мен секілді әрбір шәкірт болашаққа біліммен қадам басып, өнерімен биік шыңға ұмтылып, ғылым жолында талаптануды мақсат тұтса, еліміздің өркендеуіне апарар ең ұлы жол осы емес пе?
Айналамызды нұрландырып, бос уақытымызда тазалыққа да көңіл бөліп, сол арқылы дос-құрбыларымызды бір уақыт сенбілікке шығуға ұйымдастырсақ та, денсаулықтың кепілі тазалықта екендігін ұғындыра аламыз деп білемін. Білмегенімізді сұрап, білгенімізді үйретіп жүрсек қана – келешек жас өскінге дұрыс жол бағыттай аламыз. «Өзің қандай болсаң – заман сондай» дегендей әуелі барлығын өзімізден бастамасақ, кімге, қандай үлгі-өнеге көрсете аламыз!?
Бізді қазақ қылып тұрған, Қазақты Қазақ қылып тұрған ең басты құндылық – ана тіліміз екенін де естен шығармаған жөн. Қадыр ағамыз айтпақшы, «Өзге тілдің бәрін білсек те, өз тілімізді құрметтегендігіміз» абзал. Себебі, ана тілі – біздің бойымызға ананың сүтімен, әкенің қанымен дарыған. «Ана тілінді ұмыту – ата-бабаңды, тарихынды ұмыту» деп халқымыз бекер айтты деймісіз?
Еліміздің егемендігінің кемелденуі – болашақ жастардың қолында. Ал біз оқуда озат болып, қазақтығымызды жоғалтып алмасақ қана осы дәрежеге жете аламыз. «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты, Қырандай күшті қанатты, Мен жастарға сенемін!» деп Мағжан ақын да жайдан-жай айта салған жоқ. Болашақ жастарға сенімі болғандығынан айтты.
Ендеше, « Мен - Қазақстандықпын» деген әрбір жас өскіннің жүрегінде еліне деген сүйіспеншілігі болуы хақ. Мен елімді сүйемін! Сен де сүй...!
Мен - Қазақстанның патриотымын.
Ә. Жутаева