- Негізгі бет
- Шығарма
- Марғұлан Ақан. Жалқаулықтың...
Марғұлан Ақан. Жалқаулықтың жазасы (әңгіме)
– Жансерік, сабағыңды оқыдың ба?!
– Иә, анашым.
Бірақ Жансерік өтірік айтты. Ол бүгінгі сабақ түгілі, кеше берілген үй тапсырмасын да орындаған жоқ.
– Онда далаға шығып ойнап келе ғой. Күлімдеген ананың көңілі балада болса, рұқсатын алған баланың көңілі даланы аңсап тұр. Іле-шала киініп, далаға жан ұшыра жүгіріп кеткен баласының артынан анасы күлімдеп тұр. Бүгін Жансеріктің анасы көрші-қолаңдары мен достарын үйіне қонаққа шақырды. Соның қамымен жүріп, ана кеш батқанын да байқамай қалды. Сағат тілі кешкі жетіні көрсеткен кезде үйге қонақтар ағыла бастады. Жансерік әлі жоқ. Ойын баласы сол кеткеннен мол кетсе керек, оны да іздеуге ананың алаңы болмады. Шаруасы бастан асатын-ды.
Улап-шулап кірген қонақтармен амандасып, әке мен ана абыр-сабыр. Қонақтар дастархан басына жайғасып, түрлі әңгіменің шеті шыға бастады. Біраз уақыттан кейін Жансеріктің досы Әсеттің анасы:
– Жансерік қайда? Көрінбейді ғой, – деді.
– Ол бала ойнап кеткен. Ойбу, тіпті оны іздеуді де ұмытып кетіппін ғой.
– Ештеңе етпес. Біздің Әсетпен жүрген болар. Ойын баласы ғой.
– Бағана сабағыңды оқып болдың ба деп едім, «иә» деген соң ойнап келуге рұқсат бердім. Ақылды өзі.
– Иә, біздің Әсел де солармен ойнап жүрген болар,– деп, Әселдің анасы қостап қойды.
– Біздің балалар жарап тұр. Сабақтарын уақытылы оқып, бестік бағаларын алып, ойнауға бізден рұқсат сұрайды. Сенің көңіліңді қанағаттандырып тұрса, жібермей қайтесің,– деп, Арманның әкесі жуан дауысымен қарқылдай күліп әңгіме бастады. Біздің Арман сабағын жақсы оқып, кеше аудандық пәнаралық олимпиададан І орын алып келді. Тіфәй!
– Ой, керемет! Құтты болсын! Ендеше бүгін бекер жиналмаған екенбіз де,– деп, Жансеріктің анасы отырған жұртты бір күлдіртіп алды.
– Біздің қыз да жаман емес, қайтеді әй, баласын мақтап. Біле білсең біздің Әсел математика пәнінен өткен жарыстан «алтын» медаль алып келді!
– Барлығың бағанадан іштен тынып отыр екенсіңдер ғой! Құтты болсын тағы да!– деп, Жансеріктің анасы ағынан жарылып, бала көңілін білдіріп алды.
– Өй, Жансерік те қатысып келдім деп жүр еді ғой, ол не алыпты,– деп, Арманның әкесі сұрақты төтесінен қойып қалды. Іштей қынжылып барып, ыңғайсызданған Жансеріктің әкесі:
– Ә, біздің бала бір жерден сүрінген екен. Орын алмапты. Бірақ осы бір-екі күнде оқу аяқталады ғой. Баламыз мықты нәтиже көрсетемін деп отыр. Сол кезде бір үлкен дастархан жасап, бастарыңды қайта қосамыз.
– Әп, бәрекелді! Мұның жөн енді.
Әңгіменің жібі бір тарқатылып, ұзаққа кетті. Жансерік бастаған бір топ бала есіктен ентелей кіріп бәрімен амандасып жатты. Балалардың кіргені болмаса, орындарынан тұруға ыңғай білдірмеген қонақтар, «ертең жұмыс, ертең сабақ» деп шетінен жылжи бастады. Бәрі үйді-үйіне тарап кетті.
Арада екі-үш күн өткен соң дастархан басында болған бір топ ата-ана балаларының жиналысына қатысты. Барлығының қолында бір-бір гүл. Мектеп алдына жеткен кезде Жансеріктің анасын бәрі құшақтай алып «Ал, мына гүл саған, алдын-ала беріп қояйық, Жансерігің қазір ортаға шығып топ бастайын деп тұр ғой» деп мақтау айтып жатты. Жансеріктің ата-анасының қуанышында шек жоқ. Бәрі күлкі үйірген жүздерімен жиналысқа кірді. Балаларын қастарына алып отырған ата-аналардың алдына шығып ұстаз сөз сөйледі:
– Биылғы оқу жылы керемет жетістіктермен аяқталды. Сіздерге және сіздер тәрбиелеп отырған балаларыңызға мың рақмет. Әселдің, Арманның, Әсеттің ата-аналарына алғысым шексіз,– деп, сөзін аяқтады да мақтау қағаздарын таратты. Кенет үстелден атып тұрған Арманның әкесі:
– Құдай-ау, жақсының жақсылығын айт нұры тасысын демей ме, Жансерік баламыз биыл бәрін «беске» бітіріп жатыр екен, оқуы жақсы, озат болыпты, оның да ата-анасын тілге тиек етіп өтіңіз, мұғалім!– деп, әзілі мен шыны аралас уәжін айтты. Сәл күрсініп алған ұстаз:
– Қандай «бестік», қандай озат оқушы?! Жансерік оқуды қойды. Сабақтарының бәрі нашар. Күнделігін үнемі жоғалтып алдым дейді. Үйде бір жағдай болып қалды, атам-анам осындай бір пәлеге душар болды деген соң көп үндемей жүр ем. Кешіріңіз, сіз Жансеріктің әкесі боласыз ба, балаңыз төрт түгілі үшке әрең оқып бітірді. Отбасылық жағдайдың балаға әсері тиетінін білемін, сонда да білімге жетелеу міндеттеріңіз ғой.
Жүрегі шайылып кеткен ата-ана оқушы секілді орындарынан ұшып тұрып «кешіріңіз, бәрін қолға аламыз» деп уәде беріп қана қойды. Шоқ-шоқ гүл алып келген достарының бетіне қарауға ұялған Жансеріктің анасы жылаған күйі есіктен шығып кетті. Әкесі кімге не айтып ақталарын білмей, отырып қалды. Жансерік көзіне жас алған қалпы ұстазына жеккөрініші көзбен қарап, әкесіне тығыла берді.
Бүкіл бір қуаныштың күл-талқанын шығарған, балам деп келген әке мен шешенің көңілін су сепкендей басқан Жансерік бәрінің кеш екенін түсінді. Қателіктерін, жалқаулықпен дос болған әр күнін көз алдына әкеліп қайта бір ой елегінен өткізді. Бірақ екі бет қызарып, бояуы сіңіп кеткен дүниенің алдын ала алмайтын еді. Мысқыл күлкі мен достарының, көршілерінің әрбір сөзін естіп отырған әке де баласын алып, есіктен шығып бара жатты. Үстел үстінде зор қуаныштың, мақтаныштың құшақ-құшақ гүлдері аяқ асты солып қалғандай күйде қала берді...
Жүріп шаршаған, тұрып тынығады,
Тұрып шаршаған, отырып тынығады.
Отырып шаршаған қалай тынығады. (халық сөзі)
Абайдың бес асыл ісі мен бес дұшпанын естен шығармаңыз. Жалқаулық пен өтірік айту өрге сүйремейді.
Авторы: Марғұлан АҚАН
М. Ақан