- Негізгі бет
- Шығарма
- Мәңгілік махаббат жыршысы...
Мәңгілік махаббат жыршысы
Сүйіспеншілік...
“Онсыз дүние бос,” - деген өнегелі өмірі ұрпаққа үлгі, кемеңгер Абай атамыз. Сүймегенің – өмір сүрмегенің. Әркім де сүйсем дейді, сүйікті болсам дейді. Алайда, ақын Мұхтар Шаханов жырлағандай: зор махаббат “кез келгеннің уысына түспейді, кез келгеннің бақшасында піспейді”. Ұлы сезім асқарын шыңдау тек ізгі ниетті, сұлу мінезді, жомарт жүректі, көркем тілді, кісі қалыпты пенденің пешенесіне ғана жазылады-ау, сірә.
Балғын балалығы мен жалынды жастығы сұрапыл соғыс даласында әділет үшін күреспен өткен; хас батыр, қаһарман, ер мінез Бауыржан бейнесін жастарға өшпес мұра етіп қалдыруымен қатар, ұлт ұлының ойын таным көкжиегінің шексіздігі мен парасаттылығы арқасында тереңнен түсіне білген; өзіне ғана тән шешендігі мен шебер суреткерлігі арқылы көпшіліктің көңіл пернесін дөп баса алған; ұлт құндылықтарын ұлықтауды ұрпаққа үндеген, ең бастысы, кез-келгеннің бағына бұйырмайтын, өмір мәні саналатын ұлы сезімнің асқақ шыңының биігіне өрлеп, сол биікте тұрақты мекен еткен, мәңгілік махаббат жыршысы - Әзілхан Нұршайықов.
Әдебиет әлемінің ақсақалы Әзатаның шығармашылығымен таныстығым былай басталған...
Қазақ отбасының салтына сай, әсіресе ауыл қазақтары, үлкен ұлдың тұңғыш перзенті болғандықтан, атамның тәрбиесінде болдым. Ауылдың дәл ортасындағы ауласы жұмақ бағындай, шырынды шие теректеріне, өрік өркендеріне, жұпар иісі естен тандыратын алуан түрлі гүлдер мен тәтті жидектерге толы қарапайым қара шаңырақтың тағы бір байлығы – сөре толы сан түрлі кітаптар. Мен үшін сабырлылығы, тектілігі және даналығымен мәңгі есімде сақталатын марқұм атамның кітап оқуды тоқтатқан кезі болмайтын. Себебі, өмірлік тәжірибесі мен оқыған әдебиеттерінен ол “оқуды тоқтату - ойлауды тоқтату” екенін жақсы білетін. Ескі сөрелерден әлем, орыс, қазақ әдебиеттері де, сан алуан поэзия да, түрлі жанрдағы шығармалар да, әр кезең мен саланы қамтитын газет-журналдар да, бәрі-бәрі табылатын. Атадан дарыған қасиет пе, әйтеуір, бала кезден басталған әдебиетке деген құштарлық уақыт өткен сайын шарықтамаса, толастаған емес. Керісінше, сұлу шаһар Алматыға Алатаудай арман қанатында ұшып келіп, білім ордасы ҚазҰУ-да жүргенде аз уақытқа берілетін жазғы демалыста үй кітапханасын оқып үлгермей, құмарым қанбай қалады-ау деген сезім менің тойымсыздана, тағатсыздана оқуыма, сиқырлы әлемге тереңірек бойлауыма түрткі болатындай. Үлкен, ұйыған отбасымыз әр кеш сайын бас қосып, мол дастархан басында шүйіркелесе әңгімелесіп, шахмат ойнауды әдетке айналдырған. Сондай кештердің бірінде қара шаңырақта асыр салып бірге өскен жеті немере апамыздан есімдеріміздің қойылу сырын сұраған едік. Әр атаудың қызықты тарихы болғанымен, маған ой салғаны сіңлім Меңтайдың есімінің ерекшелігі еді. Оны белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықовтың “Махаббат, қызық мол жылдар” романының кейіпкерінің есімімен атапты. Меңтайдай көргенін көкейіне тез тоқитын зерек, ешкіммен сөз жарыстырмайтын ибалы, сезімін бағындыра білетін сабырлы, гүлмінезді бойжеткен болсын деген ниетпен қойылыпты. Осы әңгімеден соң, романды көп кітаптың арасынан тауып алдым. Көркемсөз шеберінің хас суреткерлікпен айрықша әдіптеліп, әдемі өрілген, адам жанын толқытып, еріксіз есеңгірететін сезім мен құштарлыққа толы, кейіпкерлерінің пәктігі мен тазалығы жүрекке жылулық ұялататын шығармасын бір деммен оқып шықтым.
Бір қызығы, Меңтайдың апасының айтқандары әжемнің әр күн сайын қайталап айтып, құлаққа сіңген кеңестерінен айнымайтындығы таң қалдырды. Жастығы майданмен сәйкес келіп, ерте еңбекке араласқан әжемнің сауатсыз болса да, кез-келген оқығаннан асқан дана екенін бұрын елемеппін. Кейін Меңтайдың апасының айтқандарын шағындап “Бойжеткен тәрбиесі” деген атаумен жазып алдым да, ал әжемнің айтқан әр сөзін санама тоқып алуға тырысатын болдым. Әзілхан Нұршайықов тұлғасына деген сүйіспеншілік сол кезден басталды. Алғашында қарымды қаламгер, көркемсөз шебері ретінде құрметтесем, кейін туындыларынан ой түйіп, олардың көп жағдайда автобиографиялық екеніне көз жеткізгесін абзал азаматтың адами тұлғасына тәнті болдым.
Жалғасы бар...
А. Оралқызы