Мамандық таңдаудан қателеспейік

Жандос биыл мектеп бітіріп, экономист мамандығы бойынша университетке түскен болатын. Бірінші семестрдің аяғы жақындап қалса да, әлі күнге дейін сабаққа деген ынта-жігерінің жоқтығынан сабаққа жөнді келмей, келсе бас қатырарлық есеп-қисаптан шаршап, оқуға зауқы соқпайды. Кішкене кезінен әдебиетке жаны жақын Жандос өлең жазуды, әдеби кітап оқығанды жақсы көретін. Баласының бойдағы қасиетіне қарамай, иелігіндегі бизнесті қолына беру үшін әке-шешесі Жандосты экономист мамандығына тапсыртқан. Достарының арасында сен неге экономист мамандығын таңдадың? деген сұрақ қойылса, ылғи да ата-анамның қалауы осы - деп қысылып, әрең айтатын. Мамандығына деген сүйіспеншіліктің жоқтығы, Жандосты түрлі ұйымдарға баруға, қаңғыбас, бұзақы балалармен дос болуға бір табан жақындататын. Әйтеуір тумасынан сабырлы, салмақты жігіт тырысып, шыдап бағады. Бір күні университет ішінде өткен ақындар мүшәйрасында Жандос экономика факультетінің атынан қатысып, бас жүлдені жеңіп алады. Жігіттің талантына таң қалған ақын-жазушылар Жандосты филология мамандығына оқуға шақырады. Ұлдарын енді түсінген ата-анасы еріксіз келісімін береді. Жақсы көрген мамандығына келіп, сабаққа құлшына кіріскен Жандостың болашағы жарқын болады.

Иә, өмірде қателесуге қатаң тыйым салынатын таңдаудың бірі - мамандық таңдау. Мектеп бітіруші өзінің табиғатына сай, болашақта игеріп кете алатын мамандықты таңдай білуі ләзім. Бұл оқиға - қазіргі көп жастардың басында бар қиындықтың бірі. Күрмеуі қиын күрделі проблемаға айналған осы дертті тез арада емдеуіміз керек. Ол үшін қоғамның сауаттылығын арттыру керек. Айталық, кеңес дәуірі кезінде ауылдан мектеп бітіріп шыққан түлектердің бірлі-жарлысы ғана жоғарғы оқу орнына түскен. Қалғаны техникалық училещелерге, мал дәрігерлігіне тағы сол сияқты жерлерге түскен. Тіпті шама-шарқын білетіндер ауылда мал бағып, сол арқылы да жетістікке жеткен. Ал қазір күйі келетін де - экономист, шамасы келмейтін де - заңгер. Әрине кім баласын жаман болсын дейді? Алайда мамандықтың жамандығы жоқ қой. Кез-келген мамандықтың шебері бола білсең болғаны. Мемлекеттік грандқа түсу үшін немесе ата-анасының қалауымен өзі қаламайтын оқуға түсіп жатқандар қаншама? Ал өз мамандығын сүймеген адам қалайша өз ісінің шебері болады? Бұл - бас қатырарлық мәселе.

Айткаримов Бауыржан

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педогогикалық университетінің 4 - курс студенті

Сурет: aitaber.kz